DataLife Engine / Ербол Бейілхан (Торғын – күндер...)

Ербол Бейілхан (Торғын – күндер...)

Торғын – күндер қолдан шықса сусыды,
Астары жоқ уақыт-ай, Тігіссіз.
Сола ма айтшы, гүл сезімнің бүршігі,
Күндер қайда, түндер қайда күдіксіз?...

Жүрегімде бар әдемі – мұнара,
Арманымды кете алмайды жел қуып.
Тым болмаса, хат жазып тұр күн ара,
Сенсіз күнге кеткенімше көндігіп...

Пенделік-ай, тас секілді қыналы,
Қызыл қына – езіледі жүрегім!
Періште едік...уақыт қой кінәлі,
Жылап тұрып, өп-өтірік күлемін...

Жырдан – көйлек тікпек едім әдемі,
Өрнегімді жүрген едің ұнатып.
Махаббаттың көп екен-ау, әлегі,
Абайсызда алғанымды-ай, жылатып...
13.11.2015
Вернуться назад