DataLife Engine / Ербол Бейілхан (Күзбенен қоштасу)

Ербол Бейілхан (Күзбенен қоштасу)

Қара суға қаймақ түсті, қараша ауыл қи жақты,
Боз қырауға, бозайғырдай аунап түсіп қыр жатты.
Қайтқан қаздың қаңқылынан келе-келе бұлт үркіп,
Қоңыр аңды жота-жонды аппақ ұлпа қар жапты.

Аппақ қарға, аппақ болып салар ертең құр ойнақ,
Жолаушыны жүргізбейді пыр-пыр ұшып шіл ойнап!..
Күп-күрең боп, алма-кезек күреседі күз бен қыс,
Тәкаппарлау таутекенің мүйізінде күн аунап...

Қайтқан құспен жоннан үркіп, ойға түстің, Қараша,
Жапырағың тоналған күз жаныңа кім араша?..
Қоштаса алмай біз секілді жылай-жылай жүдеген,
Үйір-үйір бұлттар көшкен, күз аспаны аласа ә!..
13.11.2015
Вернуться назад