DataLife Engine / Тыныштықбек Әбдікәкімұлы (Көктем)

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы (Көктем)

Болмаса да сондайлық орындар түк,
Ерте тұрғам (төлдегі тәлім-тәртіп).
Қаңқылдаған әуеде сары ала қаз
Бара жатқан секілді горн тартып.

Иірілер шаруаның ұршығы – мен,
Бұл науқанға әу баста құлшынып ем.
Қошақандар тойып ап, балықтардай,
Балтырымды түртеді тұмсығымен,

Батыста – мал маңыраған, Шығыста – мал,
Қарап тұрып көңілің тынышталар.
Иін әбден қандырып илеуінің,
Ширатысқан мұрттарын құмырсқалар.

Мұңның мені мүмкін бе иектері?
Мұндай болса қоймайды күй өтпелі!
Құшағына қыз – самал енген сайын,
Балқи түскен таулардың сүйектері.

Айналаны алғанша ымырт қамап,
Гүлдеп жатқан кең дала түлікке бап.
Қалпағыңа шешсең-ақ, бұл маусымның
Үлгереді торғайы жұмыртқалап.
05.11.2015
Вернуться назад