DataLife Engine / Ғабиден Қожахмет (Әпкенің тілегі)

Ғабиден Қожахмет (Әпкенің тілегі)

Шаттық күйден естіледі бүгін үн,
Бара жатсың бақыт жолға, сіңілім.
Ертеңіңе болсын нұрлы бастау жол -
Той сәнімен сыңғыр қаққан бүгінін.

Бір күніңнен болсын қызық бір күнің,
Сіңілім ең - ізіме ерген бір гүлім.
Сен де енді ақ келін боп бір үйдің
Ашатұғын күн келіпті түндігін.

Осы жолда ортаймасын ырысың,
Келін күннің бірі шаттық, бірі сын.
Сенің бақыт табуыңа ақ жолда,
Тілекші ғой әулетің мен туысың.

Тілекші оған бүгін, міне, жездең де,
Бара жатсың ұзатылып өзге елге.
Ұмтылғанда сен бақытқа - көктемге
Тілектес боп тұр, мінеки, әпкең де.

Келер күнің бақытыңды жырласын,
Жанарыңда ешқашан мұң тұрмасын.
Ешқашан да сезім жолдың шынысы
Сенім жолда шытынап бір сынбасын.

Әулетіңнің гүлі едің, сүйікті ең,
Анашыңның ақ пейілін иіткен.
Енді, міне, құс боп ұштың - самғадың.
Төмендемей тұрсын жолың биіктен.

Әрқашан да тұрсын бағың жаңғырып,
Әр күніңде тұрсын саған таң күліп.
Бақыт жолдың нұр бастауы қол жеткен
Бола берсін мына өмірде мәңгілік!
22.10.2015
Вернуться назад