DataLife Engine / Асқар Тоқмағамбетов (Орынды арыз)

Асқар Тоқмағамбетов (Орынды арыз)

Колхоздың барып едік кеңсесіне,
Екі елі шаң үйіліп желкесіне,
Көп арыз қимылдамай жатыр екен
Оранып "Салақпайдың " көрпесіне.

Арыздың бірі, алдымен шөп сөйледі,
Шағынып, бізді көріп көп сөйледі.
"Жазда орылған шөп едік,
Орылғанда көк едік.
Бұл маңайда дәл біздей,
Көк шеп болмас деп едік.
Балауса едік, майса едік,
Ұлпа - жұмсақ май едік.
Қурадық та, күйредік,
Күн қақты боп сүйреліп —
Пішен емес сояумыз,
Қурайға да таяумыз.
Мал да бізді басып жатыр,
Жел де бізді шашып жатыр.
Ферма менен екі арамыз
Әлі күнге қашық жатыр...
Дауыл соқса аспанға ұшып,
Дауыл тынса жерге түсіп,
Ойпаң-тойпаң,
Басып қойқаң,
Сиыр сойқан
Жатқандығын сіздерге айтам!
"Қыс қылышын қылшылдатып "
Арқамызға шым-шым батып,
Қара суық келіп жатыр.
Председатель бізді жимай,
Ол қай шөпке сеніп жатыр?..
Былтыр түйір қамыс таппай,
Қамыс та алар таныс таппай,
Қиыншылық көрмеп пе еді?
"Қап, бәлем - ай, келер жылы!" —
Деп уәде бермеп пе еді?
Сөйткен бастық Салақбайға
Сонан алған сабақ қайда ?!
Бүйте берсе малға тағы
Тақыр астау жалатпай ма ?
Ең болмаса шөмелеге
Салып қойса шөп өле ме ?
Нәрлі, құнар - сөлді сақтап,
Бойдағы бар сөлді сақтап,
Мал сүйсініп асауына,
Болмас па едік өте жақсы-ақ!" —
Депті шөптің аразында.
Бірақ арыз оқылмады.
Көп қағаздың арасында,
Шаңға батып жатып қапты.
Күндегіден қыс қаттырақ
Борандатып есік қақты.
Сонда барып шөп арызын,
Председатель зорға тапты.
Сонда ғана салақ бастық.
Басын шайқап, санын соқты.
Сонда есіне бұзау түсті,
Сонда есіне түсті тоқты.
Әлі бізде жайбарақат,
Жатқан аз ба, табылады.
Күндіз қалың пальто киіп,
Түнде көрпе жамылады.
Тоңа қалса "қырық градус"
Ішіне от жағылады...
Пішен, қыстау, қора-қопсы
Есебінен жаңылады.
Мұндайларды алдын ала
Ұмытпастай шара көріп —
Ұмтылдырса не қылады?!
14.08.2015
Вернуться назад