DataLife Engine / 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні (Мама)

8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні (Мама)

Мама, мама –
Жалғандағы жалғыз ән,
Сезімімді оятатын қалғыған
Мүмкін сенің суретіңді құсқа айтып,
Қауырсынмен ай бетіне салғызам.

Мама, мама –
Ең әдемі сөзім бұл,
Ең шуақты, ең бақытты кезім бұл.
Жер шарына мейіріммен қарайтын
Жанарымда сенің сұлу көзің жүр.

Мама, мама –
Жарқыраған күнсің сен,
Аспан, тау да, мөлдір ауа, гүлсің сен
Сәуле болып, баққа айналып Өлеңім
Ғұмырымда бір күлдіріп үлгірсем.

Мама, мама –
Жырақтамын жаныңнан,
Сені көрмей сағыныштан арылман
Жапырақтай Өлеңімді құшамын,
Ол су сынды саусағымнан ағылған.

Мама, мама –
Ренжітсем бір кезде,
Кешіре гөр, бейбақ басым білгем бе?!
Жылағанда анаң, әкең мұңайып,
Шалқитынын болмашы бір күлгенге.

Мама, мама –
Қорғанышым, тірегім,
Жүрегімдегі солмайтұғын гүл едің
О, Жаратқан, жалғыз Аллам, анама
Ұзақ ғұмыр бере гөрші тілегім!!!

Автор: Жұлдыз Бейсекова
21.07.2015
Вернуться назад