DataLife Engine / Ғабиден Қожахмет (Сен алтыға толған ұл)

Ғабиден Қожахмет (Сен алтыға толған ұл)

Шарықтай бер болашаққа, қанат қақ та, самға бір,
Алаңсызсың бала шақта, әр күн құяр жанға нұр.
Ата-әженің, әкесінің, анасының шаттығы,
Сенің бүгін туған күнің - сен алтыға толған ұл.

Бірде қиқар, бірде ойынпаз, ал таңғалтар бір ісі,
Әр ісіңнің үлкендерді қуантады дұрысы.
Сенің бүгін туған күнің - сен алтыға толған күн,
Ағасы мен әпкесінің ең сүйкімді інісі.

Сен де бүгін талғамыңмен бәрін бірдей мойындат,
Барлығы да дүрлігіп жүр саған сыйлық дайындап.
Қонақтар да келер бүгін тек өзіңді құттықтап,
Дастарқанға тәттілер де тек сен үшін қойылмақ.

Сен ақылды баласың ғой, тәттіге тым құнықпа,
Ата-әжеңді, ата-анаңды, үлкендерді ұлықта.
Сен алтыға толған күнің, солай-дағы десек те,
Сенен құйттай қарындасың бар екенін ұмытпа.

Сен алтыға толған күнің, ата-анаңа үмітсің,
Қарындасың бар жерде енді, сен де үлкен жігітсің.
Бірің келіп, ата-анаңа үзілмейтін арқаусың,
Бірің келіп, әке-анаңа жан қуантар тұнықсың.

Бірде қиқар, бірде ойынпаз, бірде дана баласың,
Қарындасың бар жерде енді, сен де үлкен ағасың.
Кішілерге қамқорлықты сол арқылы сезініп,
Аға болып, өмірде әлі талай асу аласың.

Көздеріңде, көкірегіңде болмасын еш нала-мұң,
Сен де, міне, киелі сан жеті жасқа қарадың.
Білім жолдың әр белесін бағындырып өзіңе,
Таңғалдырсын өзгелерді таудай болған талабың.

Азат елдің келешегі болмау үшін мұнар күн,
Күш-қайраты керек елге ертең сендей ұланның.
Көк туыңды күзететін сен ертеңгі солдатсың,
Армандарың әлі асқақтар қанатында қыранның.

Әуелетіп осы күннің думанды да шат үнін,
Бүгін, міне, тілек айтар саған барлық жақының.
Сол тілекпен салмақтанып өз үйінің төрінде,
Маңғазсынып отырады алты жасар батырың.

Сенің бүгін туған күнің, алты дейтін сандасың,
Көңіліңнің бақыт құсы ұшсын биік - самғасын!
Бар шаттығың туған Отан - туған үйде тойланып,
Ақ тілектің аппақ бұлты сені әрдайым қолдасын!
02.07.2015
Вернуться назад