DataLife Engine / Жауабын айтасың ба ҰБТ-өмір?!

Жауабын айтасың ба ҰБТ-өмір?!

Үш әріпке тіреліп бар тағдырым,
Мен ҰБТ тапсырғам дәл сол бір күн…
Құмалаққа жүгіріп қайран шешем..
Ала таңнан естігем дұғалы үнін

Дәл сол жылы оқу боп бар білгенім,
Түні бойы «тест» жаттап көз ілмедім…
Телміріп тілегенмен тегін оқу…
Сол жылы мені өзіңе теңсінбедің…!

Жетпіс үш бал жинағам, жарыта алмай,
Он жылғы орман ойды қорыта алмай..
Шешем байғұс ахылап-үхілеген…
Сары қызын «білімді» жұбата алмай

Дәл сол жылы қор болғам көөп адамнан,
Артта қалғам аз балмен нақ наданнан
Шаң қауып, шаңдақ жолда қалған сөйтіп…
Жорналшы болам деген бала арман.

Дәл бүгін…қанша түлек құлайды екен…
Қаншасын қатал тестпен сынайды екен?
Қаншасы дәл мен құсап еңіз-теңіз…
Жиырма күн үйден шықпай жылайды екен?

Қаншасын өкінтесің ғұмыр-ғұмыр?!
Сол жылы қатты қалған бала көңіл?!
Мен неге жорналшы емес, мұғаліммін,
Жауабын айтасың ба ҰБТ-өмір!?

Автор: Гулжайнат Бекен
08.06.2015
Вернуться назад