DataLife Engine / Жүрсін Ерман (Ертеректеу ержетіппін)

Жүрсін Ерман (Ертеректеу ержетіппін)

Ертеректеу ержетіппін
Өтіп дәурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі етіктің
Жұлығындай тозып барам.

Уатылып төзім бордай
Қайда асығыс алып-ұштық?
Қасатталып сезім қардай
Суынды ерте қаным ыстық.

Тұлпарын бір тебінуге
Қысса жастық тақымын сәл,
Жігіт болып желігуге
Жібермеді ақылым – шал.

Саяқ жүрген құландаймын,
Жығылады, жығам қай күн?
Ештеңеге қуанбаймын,
Ештеңеге жұбанбаймын.

Жүрегімен арыстанның
Қозыдайын көгенделдім.
Дел-сал болған данышпанмын,
Қайғы жұтқан кемеңгермін.

Ойыма мұң мінгесуде,
Тәңірім-ау, есірке бір:
Тақуа боп күн кешуге
Тати ма екен осы ит өмір?
24.05.2015
Вернуться назад