DataLife Engine / Жүрсін Ерман (Ақынның үйі)

Жүрсін Ерман (Ақынның үйі)

Дегені қайда басылды үйін -
Ақылым жетпей,
Ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін!

Шақұр да шұқыр шаққанда әйнегін
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Бір-бірлеп сөгіп қабырғаларымды
Кеудемді бұзып жатқандай менің!

Төбесі үйдің ашылды міне,
Бұрқырап тозаң, шашылды күлі.
Топырақ шашып жатыр ма дерсің
Қиянаттарға Қасымның үйі!

Мезгілдің мойырт кесімі сынды
Пеші құлады.
Есігі сынды.
Ақынның соңғы мекені еді -
Сәби жырлардың бесігі сынды!

Үй керек емес Қасымға енді.
Қарайып тұрса басында белгі,
Күркілдеп жүріп, кешірер ақын
Майманасы бұл тасынған елді!

Алдымда сенің елесің тұрды,
Тәңірдің өзі жебесін жырды.
Жаутаңдап маған қараңды ұлым:
"Ақынның үйін неге сындырды?"

Шешімін алса қалалық совет
- Қиратар үйді бар анық себеп.
"Ұғынып" өскен мен ұғармын-ау,
Қорқамын бірақ балам ұқса деп!

Тағы бір сауал тұрғандай ойда.
Тахауи қайда?
Сырбайлар қайда?
Ақынның үйін қиратып жатыр,
Шырылдап бізбен бірге айғайламай ма!

Шындықтан үміт үзген бе бәрі,
Алқынса жүрек, іздер ме дәрі.
Келеді кезек, келеді кезек
Сіздерге де әлі,
Біздерге де әлі!

Дүлділім еді жыр көшіндегі
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін.
...Біздің үй соның іргесінде еді...
21.05.2015
Вернуться назад