DataLife Engine / Гүлнар Салықбай (Күннің көзі жарқ етсе...)

Гүлнар Салықбай (Күннің көзі жарқ етсе...)

Асылынан жерініп,
Айдалаға анталап.
Қу кеңірдек емініп,
Екі көзі қанталап.
Адал көрсе, жаңқалап,
Арам көрсе алқалап,
Күннің көзі жарқ етсе,
Қол жеткенше қалқалап...
Өзі отырған ағаштың
түбін кесіп, балталап...
Бір жындыға мың жынды
жиып берген шартарап
Қай бетімен бұларды
көтеріп жүр арқалап?!
...көрсоқырға қор болған қайран біздің нар талап...

Алақанға түкіріп,
Бірін бірі қаумалап.
Сужыландай сумаңдап,
Пайда көрсе, саумалап.
Қоқиланған болады
Жан-жағынан жау қарап.
Жаман-жұтық шірігін
Таратып жүр саудалап.
«Биігіңнен адасып, ақ қанатым, талмалап»,
Арасында жүрерсің амалсыздан аллалап.

Бір-біріне сүйініп,
Бір-біріне иіліп,
Барлығы бір балшықтан жасалғандай құйылып.
Қызыл-жасыл киініп,
Білгенімсіп бұйырып,
Үргенімсіп, үйіліп,
Құмнан асқар тау болмас қанша жерден жиылып.

Надан шықса төбеге, құтырады мың надан.
Надандардан тұратын сияқтанып бұл ғалам.
Өмір сонда осылай өтер ме екен зырлаған –
Бәлекеттен арылмай жүрегімді тырнаған...
27.04.2015
Вернуться назад