DataLife Engine / Ақберен Елгезек (Түнгі құлазу)

Ақберен Елгезек (Түнгі құлазу)

Жүре бермей өмірдің көшіменен,
Есім кетіп, сүйді екем несіне мен?
Жұлдыздар да ендігі жұбатпайды,
...Ай жатыр шалқасынан есінеген.

Ауламда күбірлейді құлаған нұр,
Құлаған нұр, сезім бе жылаған бұл?
Түн кейде жұбататын...Ол да бүгін,
Меңірейіп неліктен тына қалды.

Жарқанат та жоғалды балкондағы,
Жалғыздық-ай жүректі талқан қылды!
Ұшқын шашып төменге, жұбататын,
Шылымым да таусылды қалтамдағы...

Маған жалған туғаннан тосын еді,
Болмысым неге нәзік осы менің?...
Мені ылғи жұбататын, әзіл айтып,
Ұйықтап жатыр үйінде досым менің...

Сезім мен шарасыздық айқайласып,
Тұрған кезде, қалайша жай табасың?
Жазшы жаным, жалқы сөз sms-пен:
«Сүйем» деген сөзіңді қайталашы...
22.04.2015
Вернуться назад