DataLife Engine / Ақберен Елгезек (Феличита)

Ақберен Елгезек (Феличита)

Аппақ рояль. Аппақ төсек.
Райхан гүлдер жұпары.
Ақ төсекте ару жатыр, басылмаған құмары.
Ақ бөлмеде ақ парақтар шашылған,
Әр парақта сенің бейнең-сыңарын...

Қызыл шарап. Шылым демі. Әуен-жыр.
Терезеден сығалаған әлем тұр.
Қарашықтан шашыраған бояудан,
Керіледі кемпірқосақ өлең бір...

Теңіз сыры. Егіз сезім шалқыған,
Құмар мұңы тамырымда балқыған.
Жұмақ жаққа шақыратын секілді,
Әуедегі рояль үні қалқыған.

Аппақ төсек, ақ құшағың ашылған,
Ынтықтығым бір күшейіп, басылған.
Көкке ұшып бара жатыр құстардай,
Паркеттегі ақ парақтар шашылған...

Ойна, ойна!
Рояль жаны жыласын,
Ойна, жаным!
Көктен күмбір құласын.
Сенің бейнең ақ парақтан түрегеп,
Көлеңкеңнен жоғалмауын сұрасын...

Аппақ сезім, қызыл шарап бірлігі,
Ажыратар екеумізді бір күні.
Рояль даусын дірілтетер біртүрлі,
Шылымымның ширатылған түтіні...
22.04.2015
Вернуться назад