DataLife Engine / Қадір түні

Қадір түні

Алыс-алыс елдер де,
Асу-асу белдер де,
Тілек тілер Тәңірден,
Қадір түні келгенде.

Қадір түні ардақты мың айдан да,
Шаттық нұры шашылсын мұңайғанға,
Дәулет беріп немесе нәубет беріп,
Өзі жаратқан құлдарын сынайды Алла.

Салып қойған тағдырға терең өрнек,
Бір Тәңірден білгір де көреген жоқ,
Тілейікші адамзат баласына,
Иман менен игілік бере көр деп.

Татулығын тілейік ел мен елдің,
Көлеңкесін түсірмей көлденең мұң,
Мейірімін оят деп жүректердің,
Пейілдерін кеңейт деп пенделердің.

Ала-құла ойлардан арылса көп,
Қуаныштан жүректер жарылса тек,
Жамағат боп тілейік Жаратқаннан,
Жақсылықпен жер бетін жарылқа деп.

Ақиқаттан адаспай мың сан арман,
Жайнаң қағып жұлдыздай тұрса да алдан,
Кірпік ілмей шығар ед таң атқанша,
Қадір түннің қадірін білсе адамдар.

Өлеңді жазған: Серік Мақұлбекұлы Қалиев
24.11.2014
Вернуться назад