DataLife Engine / Мағжан Жұмабаев (Сен сұлу)

Мағжан Жұмабаев (Сен сұлу)

Бiлем анық: жанға жайлы Май сұлу,
Жарқ-жарқ еткен майда найзағай сұлу.
Қызықты орман, көңiлдi еркiн кең дала,
Күмiс табақ көкте жүзген Ай сұлу.
Кешкi ескен жiбек, жылы жел сұлу,
Хош иiстi түрлi-түстi гүл сұлу.
Әдемi аспан – төбедегi көк шатыр,
Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.

Сылқ-сылқ күлiп сылдыр қаққан су сұлу,
Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.
Бейне айнадай жарқыраған айдыннан
Күн шығарда көтерiлген бу сұлу.
Шаңқай түсте өткiр, алтын Күн сұлу,
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.
Толып жатыр түрлi сұлу дүниеде,
Бәрiнен де маған, сәулем, сен сұлу!
17.11.2014
Вернуться назад