DataLife Engine / Мағжан Жұмабаев (Абақтыдан шыққанда)

Мағжан Жұмабаев (Абақтыдан шыққанда)

Зор қуаныш — қара түн өткенiне,
Алтын таңды ашық күн жеткенiне,
Қан аралас төгiлген көп көз жасты
Тәңiрi қабыл, мейiрiм ғып, еткенiне.

Ерiк құсы қайта ұшып келгенiне,
Душар болмай дұшпанның мергенiне.
Қайта шықты батқан Күн,
нұр шашылды,
Мың шүкiрлiк Тәңiрiнiң бергенiне.

Күннiң бетiн ежелден бұлт жаппақ,
Жапса да, ұзақ тұрмай, жөнiн таппақ.
Қайғы көрсе, ер жiгiт қайраты аспақ,
Қамшы тисе, шын жүйрiк үдей шаппақ.

Оңнан естi жел бiраз қырын ескен,
Соң туса да, оң туса, қалмас көштен.
Өткен iске – салауат, күтiп қалдық
Өткiр қимыл, ескi үмiт, жаңа күшпен.
11.11.2014
Вернуться назад