DataLife Engine / Естеу Нүсіпбеков (Ауру дендеп, арқансыз)

Естеу Нүсіпбеков (Ауру дендеп, арқансыз)

Ауру дендеп, арқансыз
Тар төсекке таңылып,
Күн тәртіптен жаңылып,
Бармақ шайнап пұшайман,
Жатқаным-ай сан ұрып!

Қуық тұтпас дертімді,
Ішімде жатқан өртімді,
Зияда мен ұл-қызым —
Бәрі де іштей біледі,
Білетіндік белгісі:
Мен жататын бөлмеге
Аяқтары ұшынан
Лыпи басып кіреді.

Сырт тарапқа шыққанда,
Сілкіп, қағып орнымды,
Жөндеп кетіп жүреді.
Орамал, жастық, жейдемді
Өңдеп кетіп жүреді.
Кейбіреуін қолтықтап,
Теңдеп кетіп жүреді.

Ал әне бір немере,
Жау танымас емес пе,
Келекетіп күледі…
… Қақпада ит үреді,
Сірә да біреу кіреді,
Елеңдеген құлақ-қырғи
Хабар-торғай іледі…
12.06.2014
Вернуться назад