DataLife Engine / Cәбит Мұқанов (Балқаш)

Cәбит Мұқанов (Балқаш)

Кешегі құлан етпес бұл батпақ шөл,
Көрмеген орын теуіп мекендеп ел,
Ормансыз, бетегесіз, сусыз, құмсыз,
Үйіріп қу топырағын есетін жел.
Бұл күнде сол шөлейтке орнады құт,
Жері гүл, шөлі бұлақ, қайнаған жұрт,
Гулеген гудок, ұрған күрс-күрс балға,
Салынған сансыз сарай, завод, фабрик.
Балқашымда қайнады
Қалайы, темір, алтын, жез,
Балқаш кені таусылмас
Бейне тасқын бұлақ көз,
Талай миллион жыл тұнған
Бұлақ саулар туды кез.
Бұлақты ағыз, жұмыскер,
Кәне, тез-тез-тез, тез!
Балқаштың қорғасын, жез, темірлері,
Ең молы, Одақтың бар жеріндегі,
Тілейтін заводтарым азықтанса,
Күн санап, күші артып кеңір енді.
Кен болса машиналар қаптағаны,
Аяққа ескі өмірді таптағаны,
Одақтың қатарында Қазақстан
Тұрмысқа социалистік аттағаны.
(Әннің қайырмасы)
Қазақстан орташа мен кедей, жалшы,
Байынан күні кеше жесе қамшы,
Өндіріс жұмыскері болып бүгін,
Аттанды тап жауы деп байға қарсы.
Еңбекшісі бауырласып қосып басын,
Айырды кімнің досын, кімнің қасын,
Қолында Ленин туы.
Коммунизм
Жолына қойды түгел ықласын.
(Әннің қайырмасы)
Көсемің алдыңдағы Компартия,
Сен соның жолымен жүр, ер артьша.
Сол ізбен екпіндете іс істесең,
Лениннің орындалмақ бар шарты да.
(Әннің қайырмасы)
28.05.2014
Вернуться назад