DataLife Engine / Cәбит Мұқанов (Мұғалім)

Cәбит Мұқанов (Мұғалім)

«Әбжәт, аууаз, кәләман...»
Халық ішіне тараған,
Ел адасқан кезі еді.
Қанша жесе дәні жоқ,
Қасиетсіз мәні жоқ,
Нақ ботқаның өзі еді.
Бас қатып, жаттап құранын
Жұлып молда құлағын
Баланың миы су болды.
Елді «әбжәт» өсірмед,
Өсуге қайта кесір боп,
Өлтіретін у болды.
Қараңғы кедей көңліне,
Қараңғы түкпір көріне,
Білте шамдар жағылды,
Өлім күткен осалды,
Өлуге қалған нашарды,
Демеушілер табылды.
Ол демеуші мұғалім,
Молда, байлар десті «жын»,
«Шоқынды» деген ат тақты.
Сөгіс, таяқ жесе де,
«Ит, шошқасын» десе де,
Қараңғыда шам жақты.
«А», «Б» деді,
«Т» деді,
Хат тануын тіледі,
Үйретуден талмады.
Асықпай көпті береді,
Жалықпай көпті егеді,
Онсыз ел сауат ашпайды.
Басқанда елді қара түн,
Сәуле шашты мұғалім,
Аузынан нұр құйылды.
Ел көкірегін ашуға,
Бас қосып ақылдасуға,
Өңшен, ұстаз жиылды.
28.05.2014
Вернуться назад