DataLife Engine / Орынбай ақын Бертағыұлы (Ассалаумағалейкүм, батыр Ерден)

Орынбай ақын Бертағыұлы (Ассалаумағалейкүм, батыр Ерден)

Ассалаумағалейкүм, батыр Ерден,
Кетіп тұр бақ-дәулетің тағы керден.
Ішінде көп қарғаның бір бүркіттей
Көзіме көріндің-ау келген жерден.
Сұңқардың екі мұртың жебесіндей,
Ақылың Оман дария кемесіндей.
Сұрасаң биіктігің, мен айтайын,
Күн шалған Алатаудың төбесіндей.
Орынбай, кәне сенің шешендігің,
Көп шығар жігіттікте есерлігің...
Атығай, Қарауылдың жақсылары
Жіберді біліп кел де есендігін.
Ұсынса қол жетпейтін асқар белім,
Өлімнен қарсы келген қайтпас серім.
Қарындас қадір білмес тіршілікте,
Атадан асып туған есіл ерім!
Иілмес қарағайдай терегімсің,
Ақылың көз жетпейтін зерегімсің.
Қазақтың қазақ иісі тұрған шақта,
Алаштың баласына керегімсің.
Біз көрдік хан, қараның күйі-жайын,
Өсектеп жақсыларды не қылайын.
Көңілден қиял шығып, шат болушы ек,
Батырым, дидарыңды көрген сайын.
Есілдің ұзын бойын жүрдің жайлап,
Жібектей шалғынына бие байлап.
Керек бай, керек жарлы қонақ келсе,
Алдынан шығушы едің қойың сайлап.
Елге кек, жұртқа намыс іс кез келсе,
Жақұттай шығушы еді көзің жайнап.
Уай, Ерден, енді тумас сендей көзел
Ішінен Бағаналы судай қайнап.
17.05.2014
Вернуться назад