DataLife Engine / Біржан сал Қожағұлұлы (Ал, дүние, өтеріңді біліп едім)

Біржан сал Қожағұлұлы (Ал, дүние, өтеріңді біліп едім)

Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілік пен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім.
Қара су есік алды ылайланды,
Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды.
Қамзалдай қысқа пішкен дөңгеленіп,
Дүние өтерінде шыр - айланды.
Ағаш үй от жаққаным қобылы пеш,
Құдай-ау, ғапу етіп күнәмді кеш.
Теміртас, Асыл, Ақық - екі қарғам,
Байлаулы арқандағы қолымды шеш.
Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап,
Ежелден мирас екен зарлап қалмақ.
Көз көрген құрбыларға сәлем деңдер,
Дұғасын оқи берсін әдейі арнап.
Ел кездім Көртөбелмен арықтатып,
Жақсыға сөз сөйледім анықтатып,
Үш жүздің ортасында Біржан едім,
Бұл күнде қойды құдай шалықтатып.
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Кем қылмай өсіріп ем салтанатты.
Әкең ем аяйтұғын жаның ашып,
Шешсеңші, білегіме арқан батты!
16.05.2014
Вернуться назад