DataLife Engine / Міржақып Дулатұлы (Жұмбақ)

Міржақып Дулатұлы (Жұмбақ)

Әр түрлі бір түбекті аң жайлаған,
Арыстанды бастық қып хан сайлаған.
Айдаһар, жолбарыстан уәзірі бар,
Батырдың қайратына жан таң қалған.
Дос болған піл мен қасқыр және барып,
Әр түрлі сый зияфат* ала барып.
Күшті аңның бәрі өзіне қараған соң,
Аузына түскен басқа аң домаланып.
Бұл арыстан мәнзилінде* мекен еткен,
Қанша аңның қаһар етіп қанын төккен.
Болса да қанша ғайып бетке айта алмай,
Күңкілдеп ұсақ аңдар жүрген шеттен.
Арыстаннан ұсақ аңдар не көрмеген -
Терісін төсек қылып, етін жеген.
Бетіне қарсы келіп шақылдаса,
He қалды ол байғұста енді өлмеген?
Осылай қанша заман өткен өткен,
Арыстекем ойға алғанын еткен екен.
Бір зауал* әр қамалға* деген мысал,
Батырға бір күн зауал жеткен екен.
Азырақ басқа жерде аң бар екен,
Оларда ғаділшілік заң бар екен.
Арыстанның қол астынан аз болса да,
Иттифақлы аңдары, үнерлі бір хан бар екен.
Бір үнер бұл ойлаған етейін деп,
Мықты аңның бастығына жетейін деп,
Ғаламға мәшөр* аңның ханы атанып,
Дүниеден сол есіммен өтейін деп.
Арыстан сол ниетпен соғысты бұл,
Шығарды қарап тұрып жоқ істі бұл.
Аз аңдар көп андарды жеңіп кетіп,
Жерінен алды арыстанның қонысты бұл.
Бұл аңдар сұрша ғана мақар екен,
Ғайратлы һәм хәйләлі шақар екен.
Арыстанды қарап тұрып масқаралап,
Бұлі күнде жазирада* жатыр екен,
Көрдің бе арыстекемнің мерт болғанын,
Жеңіліп дұшпанынан дерт болғанын?
«Ісімнен күнә сұмдық болды ма?» деп,
Зұлымдық қылмасқа енді серт қылғанын.
Отырып бір күн арыстан ой қылыпты.
Халық жинап тәубе қылып той қылыпты.
«Қиянат күшті әлсізге етпесін» деп
Аңдарға әмір шашып, қойдырыпты.
Тойына шақырмаған жан қалмаған,
Түлкі, қарсақ, құлан, киік, суыр, қоян.
Қасқыр, аю, бұғы, марал, борсық, тыщқан -
Хайуанның жыбырлаған бәрі барған.
Арыстанға бұлар айтқан ғариза хәл:
«Мекеннен біздің еткен қасқырларды ал,
Жерлерде бүлар жүрген біз жүрмейміз,
Біздерге күн көрсетпес осылар дәл».
Дұшманы жуас аңның қасқыр, қабан,
Жолбарыс, айдаһар да фиғлы жаман,
«Тіл тигізіп достарымды сөктіңіз», - деп,
Арыстан той тарқатып ашуланған.
Жанжалмен тарқаған той болды тағы,
Тағы да жиналысты аң баяғы.
«Қорлыққа өлтірсең де көнбейміз», - деп,
Үн қосып нашар аңдар ал шулады.
Той тарқатып арыстан шатырлаған,
Көбіне жанжал үшін қаһар қылған.
Үшінші рет жұрттың бәрін қайта жиып,
Бағзы нашар аңдарды шақырмаған.
Арыстанға бұл байғұстар өкпелеген,
«Ұстайсың бізді қорлап шетке» деген.
Арыстан айтқан: «Сіздердің керегің жоқ,
Мәжілісті бұзасыңыз текке» деген.
Бұлардың қалды сөйтіп көз жасына,
Кім білер қорлық келмей өз басына?
Арыстанның бұл хақында ниеті сол -
Ілгері қадам басып озбасына.
Қылмады арыстан уафа тәубесіне,
Аңдардың тоқтау салмай ғауғасына*.
Өзі еткен әміріне хилаф келіп,
Сақина тілеп алды сау басына.
Сол аңдар емес, дейді, әлі тыныш,
Топтанып ақылдасқан күнде жиылыс.
Бұларды өзім барып көрмесем де,
Наныңыз, оқушылар, бекер емес.
Ойыңа қалай келсе, солай түсін,
Сыртын көріп құр қойма, аңғар ішін,
Өндегімдей айтуға қаймығамын,
Секілді еді осылай көрген түсім.

*зияфат -тарту-таралғы, сыйлық.
*мәнзил -тұрақ.
*зауал -жойылу, кек қайыру
*қамал - жетілу
*мәшөр - атақты
*жазира - арал
*Ғауға - у-шу, айғай-жанжал.
12.05.2014
Вернуться назад