DataLife Engine / Ілияс Жансүгіров (Гималай)

Ілияс Жансүгіров (Гималай)

Сұрақ

Ақшалап басын қар көміп,
Аспанның төсін арда еміп,
Анасындай алтын күн,
Сел жіберіп бір жауып,
Жел жіберіп бір желпіп,
Ауық-ауық құшақтап,
Әлсін-әлсін нұр сеуіп,
Есейген асқар Гималай...
Сол күннен нұр ала алмай,
Басы мұнар, бауры тар...
Гималай асқар неге олай?
Буырқанып, бұрсанып,
Бұлттанып, құрсанып,
Бірде жылы, нұрланып,
Бірде ашулы, томасарып,
Бірде торғын жұмсарып,
Көк үйрілген анадай...
Сол анадан сүт алмай,
Көзі соқыр, көңілі тас,
Гималай асқар неге олай?
Ырғалып, тулап, тербеліп,
Тербетсе асқар күңіреніп,
Жазықта аттай жарысып,
Иықта жіптей күрмеліп,
Тауды бұзып, тасты айдап,
Сылдыр-сылдыр сөз сөйлеп,
Өзендер салған неге айқай?
Сол судан сыр ала алмай
Қабағы құз, мұрны мұз,
Гималай асқар неге олай?
Жемісі жерде мәуелеп
Терегі көкке әуелеп,
Тағысы таста ойнаса,
Қырдан қыран әуелеп,
Андыздап ара бал сорып,
Шешегін шымшып көбелек.
Құндағы ну, қарағай
Сол сәулетке оранбай.
Борбайы борша, арша арқа,
Гималай асқар неге олай?
Бұлт тамшылап, қамшылап
Бұрқақтатып күн шығад.
Сол бұрқақтың астында
Қиналған бір үн шығад.
Қиналад та, күңіренед.
Асқар әлде тұншығад,
Басқан оны қай кұдай?
Түсті ме екен найзағай?
Жатыр ма екен жау жайлап?
Гималай асқар неге олай?
Жaуап

Гималай - көктің кіндігі.
Гималай - жердің түндігі.
Мұз туырлық, қар үзік,
Түрілмеген бір күні.
Қалған құсы басында -
Сауысқаны, құзғыны.
Ол құлаған құландай.
Күшігім, қорқау, құмайдай
Жемтігіне жабысқан.
Гималай сорлы, cop маңдай.
Күнін көміп, батырған,
Өзенін тас қатырған.
Құзын, мұзын шеңгелдеп,
Тегеурінін батырған.
Апшысын аяз қуырып,
Қақалса қан қақырған.
Бар бір басқан тұмандай.
Сол тұманнан шыға алмай,
Жүрегі жара, көзі көл
Гималай сорлы, cop маңдай.
Жерін жайлап, у қылған,
Ерін қанап, құл қылған,
Елін талап, еңбегін
Жалмап, теуіп, жүн қылған,
Құлдың жанын құм қылған,
Құлдың қанын қылғыған,
Бар бір зәрлі жыландай...
Сол жыланнан жылжымай,
Қабағы жабық, қаны арық
Гималай сорлы, cop маңдай.
Тоқ қарыны басылған,
Аш қарыны ашынған.
Тұман әдет, қар сәлде
Арылмаған басынан.
Құлғанасы құл жайлап
Ғасырдан шіріп сасыған,
Дертке дене толғандай...
Сол бір дертке ем қонбай,
Жаны жара, тәні ауру
Гималай сорлы, cop маңдай.
Тауды, тасты қашатып,
Ойды, қырды жасатып,
Ойбай!- десе тас атып,
Қойдым десе босатып,
Жалынса табан жалатып,
Қарысса қан асатып,
Бар құлданған зор құдай...
Сол құдайдан құтылмай
Заманы дозақ, қанды азап,
Гималай сорлы, cop маңдай.
Батыста қауырт бір қол бар,
Қол алдында бір ту бар,
Ту жазуы «Коминтерн»
Шығыста қалың бір құл бар,
Құл аузында бір шу бар,
Шудың туы «Коминтерн».
Сол туды шу қолға алмай,
Тау толғанбай, қозғалмай
Дерт жыланнан, тұманнан
Айыға алмас Гималай!
Гималайда қуат бар,
Қозғалды оны құрауға.
Гималайда ұлы от бар,
Таянып тұр, тұтауға.
Гималайда улы оқ бар,
Құл атады құдайға.
Болса болар, болғандай...
Көксеп күн мен көк орай,
Дейтіндерге неге олай?
Айтар сонда Гималай!
02.05.2014
Вернуться назад