DataLife Engine / Ілияс Жансүгіров (Толғау)

Ілияс Жансүгіров (Толғау)

Қозғауы қозған қоғамым,
Қолқалап әңгіме айт десең,
Қобалжимын, қозғалам.
Қозғайын десем далаңды,
Домбыраң емес, қаламды,
Қобалжимын, қолға алам.
Көңілдің күйі келмесе,
Көп мылжыңға мен сараң.
Көңілдің күйі кернесе,
Көтерілем, ән салам.
Бүгінгі топты жара алмас,
Болдырған сөзге шаршаған.
Әңгімем менің бүгінгі,
Бүгінгі жиын аңсаған.
Ағытылды әңгімем,
Ал әлеумет, ал жаран!
Әңгімем алды тыңдасаң:
Осы бір заман, қай заман?
Бұл заманың сол заман:
Күңіренген Күреңбел,
Күйзелтіп «құты ұшқан» күн;
Басы биік бәйтерек,
Құлатып отқа жағуға
Кедейлер кеулеп кескен күн;
Алаштан озған алаяқ,
Әдейілеп атқан оқ тиіп,
Бәйге алмай, ұраны өшкен күн.
Қанды балақ, мұз қабақ,
Топшысынан томырылып,
Түлкі алмай, тасқа түскен күн.
Желпілдеген Алатау
Желкілдемей, жел шығып,
Жиырылып жерге түскен күн;
Жез қарғылы құба арлан
Жез қарғыдан айрылып,
Жеркеніп уын ішкен күн;
Алатаудың бауырынан
Аспанды аршып, жел желпіп,
Алтын күрек ескен күн;
Аруақтының аулынан,
Арыстан айдан мерт болып,
Ауырған аруақ көшкен күн.
Тау сілкініп, мұз босап,
Тас желіні иген күн;
Қыр қорқауы бөріге
Құл «жапалақ» шүйген күн;
Аунаған аруақ қордаға
Жиылып, тастай түйіліп
Ашынғандар тиген күн;
Борт-борт сынып босаға,
Орнаған аруақ ордаға,
Күң тепсініп кірген күн;
Алтын, күміс алынып,
Шынжырлы шен табылып,
Тығулы тенді тілген күн;
Мырза мінген жорғаны
Құл шайқалтып мінген күн;
Ханыша киген торқаны
Күң найқалып киген күн;
Бұл заманың сол заман,
Сүйтіп-сүйтіп түрленген,
Күннен-күнге, күннен-күн!
Бұл заманың сол заман,
Күннен күнге түрленген.
Ақ ордалар ойран боп,
Ақсүйектер сүрілген.
Аруақты белдің үстіне
Ел еркіндеп қоныстап,
Қараша үй қалың тігілген.
«Бауырды бауыр пышақтап,
Жарылған ауыл, бүлінген»,
Есік пен төр егесіп,
Біріне бірі жүгірген.
Ата мен бала алысып,
Бірі - мәз,
Бірі - күңіренген,
Бір жағы шу...
Күңіренген.
Бір жағы ду
Ду күлген...
Ауылды мұндай кім көрген?
Я, мұны кім көрген!
Бұл бір белең бір көрген.
Бұл бір мерей біз көрген.
Айналаға қарасам,
Оралған нұрға әуе, аспан.
Күн көрем де, нұр көрем,
Нұр көргенде не көрем:
Тандыры қайнап, бұлақтап,
Тақыры жайнап шуақтап,
Бөленген нұрға жер көрем.
Нұр үстіне нұр қосып,
Нұрлы дала жерлеген
Еңбекші қазақ - ел көрем!
Ел шетінде кім көрем:
Қақпандағы қасқырдай,
Мылқау... көзін төңкерген,
Мал, мүлікті алдырып,
Елден, жерден айрылып,
Күйзеу, жүдеу, меңдеген,
Айналада жау көрген,
Алдында азап, көр көрген,
Қаңғырып қалған бай көрем.
Еміс те еміс есітсем,
Зарлаған үні, еңіреген,
Еңірегенде не деген:
Бүліндім, біттім, таусылдым!
Енді өлемін! енді өлем...
Ел ішінде кім көрем:
Қабандағы қорқауға,
Қан қозып, кек кернеген,
Құралысып, байды айдап,
Қуанысып, малды айдап,
Кедей көрем кенелген.
Ел иесі өзімсіп,
Масайраған құл көрем.
Үй иесі өзімсіп,
Гүл жайнаған күң көрем.
Еңбегін қорғап жегеннен,
«Бірлесейік» дегенмен,
Еңбекші көрем өрлеген!..
Бұл көргендер көңілді
Бүгінгі күн тербеген,
Тербетер бұл талайды,
Көрмеген мұны кемде-кем.
Қозғауы қозған қоғамым,
Қолқалап әңгіме айт десең,
Қобалжимын, қозғалам.
Қозғайын десем далаңды.
Домбыраң емес, қаламды,
Қобалжимын, қолға алам,
Кеше ғана ойнаған,
Темір емес, өмірді
Өзгеше соққан балғадан
Ойнаған да күй алғам;
Мінекей біздің алған күй,
Мінекей біздің салған ән.
Мінекей біздің әңгіме,
Әлі де талай толғанам.
02.05.2014
Вернуться назад