DataLife Engine / Ілияс Жансүгіров (Шаттық жыры)

Ілияс Жансүгіров (Шаттық жыры)

Шаттық жыр ағыл-тегіл, жаз қаламым,
Шат өмір шалқауыңа аз ба, жаным!
Байғұс-ау, баяғы күн есіңде ме,
Қорлықпен құлап қала жаздағаның?
Тұзың cop, еңбегің еш болған күнде,
От көңілім осындай боп мұздамадың.
Өлеңнің өнерінен өзен көрмей,
Шөліркеп, шұқанақгы қазбаладың.
Білімнің бұлағы аққан заманында
Жарай ма, жосылта жыр жазбағаным?
Халқымның қуанышы қиқулады,
Ер көңілім, енді қашан қозғаламын.
Елімнің екі туған ерке шалы -
Жамбыл да күйінде отыр бозбаланың.
Жан жаппай жақсы еңбекте жарысқанда,
Ұят-ау, осылардан озбағаным?
Алғанда халқым тауып күткен бақытын,
Қалайша қарыштамай күйбең қақтым?
Ақынның айқайы аспанды алмайтын ба,
Дауысы жарғанда жер біздің жақтың.
Байтақ ел, байсалды өлке - Қазақстан;
Біріміз - он бірінің ұлы одақтың.
Дәуірлеп, дәурен өрлеп тұрған елміз,
Азат боп түрмесінен қанды азаптың.
Таңынан тарихының толғаны осы -
Ерікті ел қазақтың, ер қазақтың.
Елімнің шаттығынан шалқып жырым,
Мен де айдап өлеңімді өрге тарттым.
Бай жерім, бақытты елім - ұлы одағым;
Отаны азаттықгың, адамзаттың!
Табысқан туысқандай алуан халық
Астында бақыт тудың - балға, орақтың!
Ырысты, еркін, азат елім қандай,
Кең-байтақ, кең дәулетгі жерім қандай!
Өлкемнің оңы мақта, солы қырман,
Бітетін біздің жерге егін қандай!
Өрбіткен алуан түрлі асыл тұқым,
Төгілген ойда, қырда төлім қандай!
Бал еткен малдың сүтін, аңның етін
Гүл, жұпар, күшті дәрі - шөбім қандай!
Алатау, Алтай, Арқа, Қаратаудан
Қазынам, халқым, алған кенім қандай!
Былқыған балығымен, байлығымен
Атырау, Арал, Балқаш көлім қандай!
Үсті ырыс, асты қазына Қазақстан,
Уа шіркін, өлкемдегі өмір қандай!
Біз бір бай ұлы одақтың өлкесіміз -
Бақытты елі осындай, жері сондай!
Уа халқым, он жылыңда «Далаңды» айттым,
Ой, қырың, орман, тауың, салаңды айттым;
Ертіс, Сыр, Есіл, Жайық - ел қонысым,-
Алатау, Алтай, Балқаш, Аралды айттым.
Ақтабан-шұбырынды, шулаған жұрт,
Қаратау, қансыратқан заманды айттым.
Би, болыс, ояз, ұлық билегенде
Қара күн, қараңғылық, қамауды айттым.
Ақ жорық - «Алаш» жалау көтергенде
Халқыма қанша тиген залалды айтгым.
Жауды айдап, жақсы өлкемді жасамаққа
Лениннен қазақ мандат алғанды айттым.
Шал көңіл, тарих атты шежіре шал
Құшақтап, кұттықтаған балаңды айттым.
Өлкем шат, өмірім қызық екендігін
Сол кезде-ақ айналаға абайлаттым.
Өткен күн құл мен күңнің базарындай,
Қан кешкен халық бар ма, қазағындай?
Хан заман - қараңғылық, ойран заман -
Түнерген Түркістанның мазарындай.
Қарғаймыз хан, патшаның қара күнін -
Халықтың, ауыр дерті, ажалындай.
Ерді - құл, әйелді - күң, елді - қор қып,
Артқан күн ажырағын жазалыдай.
Тартып ең талай қорлық қайран жұртым,
Заманда абақтының азабындай!
Қалдырған қараңғының қамауында
Халқыма болды ма ауыр жаза мұндай?
Бұл күнде елім азат, жерім абат,
Заманды көрді қашан қазақ мұндай?
Айта ма дені дұрыс адам ұлы,
Жетті деп бұл дәуірге қазақ оңай?
Кең далам, кемеліне келген, далам,
Гүлденген шат, шадыман елмен, далам!
Жадырап жаз өмірдің күні астында,
Жамырап, жайраңдасып өрген, далам!
Артыңда қалды-ау талай қара күндер,
Аң болып, а құдайлап жүрген заман.
Бақтына бал аштырып, бақсы ойнатып,
Таңдағы тәңірімнен деп сенген заман.
Бақ іздеп, желмаямен жел шалдыртып,
Асанның қайғысымен желген заман.
Ұшырап ұлы апатқа ойы, қыры
Өртеніп, жанып күл боп, сенген, далам.
Жасарған жақсы өмірдің жазы жайнап,
Көп заман күткен күнін көрген, далам.
Шаттығын сол даланың жел қайық қып,
Шалқы жыр, шалқы көңіл, тебірен, қалам
Шаттығым, мақтанышым, бақытты елім,
Атанған Қазақстан байтақ жерім,
Тобыңнан тойға ұласқан көрсін жан-жақ
Отанның шын ұлдарын, ел ерлерін!
Еркін ел, ерікті еңбек ерлері деп
Отырсың омырауларда орден - Ленин.
Ырысы еңбегімнің, елім көркі,
Көмейі, күйі шатгық өлеңдердің;
Осылар жаңа заңын жариялап,
Көрсетсін әлемге елім кенелгенін.
Шығыста шын үлгісі біздің аймақ -
Ерік алып, ел болайық дегендердің.
Халқымның қуанышы қалтыратсын,
Қас дұшпан, қалған жаудың өлерменін.
Мойныма бұршақ салып өткен күнде
Осындай ел болуын тілегенмін.
Күніміз әлемді алсын жарқылдаған,
Үніміз жерді жарсын саңқылдаған.
Шуымыз шаттығымен шалқып көкке,
Туымыз тұрсын биік алтындаған.
Бақытты жаңа заман, жаңа заңым,
Халқымның қаңдайлығын айқындаған.
Күшті Отан, өнерлі өлке біз боламыз,
Қуанып досы, жауы қалтыраған.
Қалмасын халқымызда жалқау, надан,
Еңбегін ел ырысына сарф ұрмаған.
Шырқалсын шаттық үні әншілердің,
Ақыннан сөз қалмасын айтылмаған;
Төгілсін тәтгі жырлар, күшті күйлер!
Асыл сөз, аңқып лебіз, шалқыған ән
Отанның ұлдарынан шыға берсін,
Үні деп бақытты елдің жан тыңдаған!
02.05.2014
Вернуться назад