DataLife Engine / Сәкен Сейфуллин (Келіншек ойы)

Сәкен Сейфуллин (Келіншек ойы)

Шатынайды, тыста аяз,
Қызыл шұнақ үскірік,
Қылшылдайды жаландап,
Зәрлі деммен ысқырып.
Ұшан-теңіз қалың қар -
Жерді басып жабады,
Шұнақ аяз жалаңдап
Екі санын сабады.
Мұздай демі бет қарып,
Аяз аузын ашады.
Құлақтанып қызыл Құн
Жасыл ұшқын шашады.
Қар үстінен шаңғытып
Бұрқырайды борасын.
Көрінбейді далада
Жанның қимыл қарасы.
Бейне мола, - аңырайды,
Лыпасы жоқ жарлы үйі.
Қысқы аязда төтенше.
Жарлы тартад зар күйін.
Пештің мойны сыңсиды
Үнін қосып желменен.
Кедейлікті шаққандай
Жыр қып айтып шерменен.
Ызыңдауын шаңғытып
Шұнақ аяз қоймайды.
Іншік үйде бүрісіп,
Байғұс әйел ойлайды.
Уайым қып жас әйел
Көріп үйдің қырауын,
Баласына қарайды,
Жатқан қойып жылауын.
"Жары болдым әкеңнің,
Тандап мені сүйгенсің.
Өкінбеймін, бөбегім,
Өзім қалап тигенсін!
"Қалыңмал" бар заманда
Әйел сорлы күң еді.
Кедейліктен батымды
Бас билігі мұң еді.
Еркі болды әйелдің
Патша түсіп қалғалы.
Ендігі мұң кедейлік
Бас билігін алғалы.
Бұрын жалпы әйелдің
Көкірегі шер еді.
"Сүйгеніне тигеннің
Арманы жоқ" дер еді.
Өзге қыздың ішінен
Жұмат мені ұнатты.
Жары болдым еркіммен
Мен де сүйіп Жұматты.
Сүйгеніме жар болып,
Алсам да үлес теңдіктен.
Зарланамын жылаймын,
Кедейліктен - кемдіктен"..
Пештің мойны желменен
Ызыңдайды сарнайды,
Балақанын тербетіп
Жас келіншек зарлайды.
Тыста түтеп, шатынап
Қызыл шұнақ үскірік,
Қылшылдайды, жаландап,
Зәрлі демін ысқырып.
Ұшан-теңіз аппақ қар
Жерді басып, жабады.
Шұнақ аяз жалаңаш
Екі санын сабады.
19.04.2014
Вернуться назад