DataLife Engine / Сәкен Сейфуллин (Аққудың айырылуы)

Сәкен Сейфуллин (Аққудың айырылуы)

Арқада бір жер бар еді,
Жібек самал саясы:
Саяда бір көл бар еді,
Сырлы кесе аясы.
Маржан құмы, күміс суы
Көл еді кең айнадай:
Мұнарытқан торғын буы,
Көк кестелі айнала.
Қалың топ-топ, алшық-сирек
Жасыл қамыс дестесі:
Бейне қолмен салған ирек
Көлдің жасыл кестесі.
Әдемі еді мөлдіреген
Айна көлдің көрнегі;
Су бетінде елбіреген
Ақ шашақтар ернегі.
Пай шымылдық, жасыл құрақ
Қалың біткен ту құрақ.
Кейде ақкулар жасырынад,
Шымылдыққа судырап,
Айна көлді мекен еткен,
Бір-екі ақку бар еді.
Мақсұтына бірге жеткен,
Екі ғашық жар еді.
Айна көлдің суы күміс,
Жұбай аққу көркі еді,
Көрсе көзің алар тыныс,
Екі сәулем ерке еді.
Көлдің басы ертелі-кеш,
Мың құбылған ән еді.
Екі ғашық ертегідей,
Көлдің көркі - сәні еді.
Жүргенімде елге келіп,
Ешкімді ертпей қасыма,
Кетуші едім көлге келіп,
Біраз жатып басында.
Көз жіберіп айна көлге,
Жағасында жатушы ем;
Төсімді ашып жібек желге,
Рахатына батушы ем.
Келуші едім анда-санда
Саясатсыз тұрмысқа;
Біраз тыныштық беріп жанға,
Демалуға - тынысқа.
Бір күн ерте айна көлдің.
Күйін тыңдап, жағалап;
Бір ғажабын және көрдім,
Қарап жатып жағада.
Кең айнадан өзін көріп,
Құстар билеп, ойнайды:
Су түбінен маржан теріп,
Сүңгіп терең бойлайды.
Көлді қорып, байғұс қызғыш
Қыңқылдайды жағалап:
Қанатымен жерді сызғыш,
Төңкеріліп сабалап.
Тау құдірет қалықтайды.
Қақсап, жырлап, зарлайды;
Сорлы жыршы жалықпайды,
Көл сағасын барлайды.
Көктен көлге төңкеріліп,
Шанқылдайды шағала;
Бірде жылап, бірде күліп,
Жарқылдайды жағалап,
Қоңыр күйін қаз күйлейді;
Сұқсыр менен қасқалдақ.
Әнге салып, би билейді
Кегер, үйрек,баспалдақ.
Міне, осындай көлдің сәнін
Олқысынды жүрегім;
Іздедім мен аққу әнін -
Жүрегімнің тілегін.
Көлдің бетін көзбен андып
Жұбай аққу көрінбей;
Сәулемді іздеп жаттым каңғып
Көл басында ерінбей.
Аққу күйі бір мезгілде
Сыңқылдады алыстан;
Және бірі шыға келді
Жақындағы қамыстан.
Жақындағы көк қамыстан
Шыққан аққу жырлады.
Аққу салған ән алыстан
Бері жүзіп зырлады.
Жалғыз аққу жырақтағы
Әнге салды "келем" деп.
Сыңар аққу құрақтағы
Тұрды күтіп, көлеңдеп.
Сыңқылдатып, жарып келді,
Жұпар майын жағынып;
Жұбайына аққу келді
Алыс жерден сағынып.
Бөлек екен екі ғашық,
Жайқынға кеп түйісті;
Сыпайы ойнап, сыңқылдасып,
Тәтті айқасып, сүйісті.
Күміс суды жұмсақ сызып,
Екі сұлу сыланды;
Сылдырлатып моншақ тізіп,
Ақ көбікке бұланды.
Дөңгеленіп, сәнін түзеп,
Айна көлге қаранды;
Екі сұлу әнін түзеп,
Жуынды да таранды.
Екі кербез қатар түзеп,
Көлдің келді шетіне:
Көлдегі әппақ шашақты үзіп,
Иіскей басты бетіне.
Иіскеп нәзік исін жұтып,
Көлбеңдеді айнала;
Ақ шашақты талдап түтіп,
Шашты мөлдір айнаға.
Талдап түтіп ақ шашақты,
Алып әппақ жұпарын;
Ақ тәніне сылап жақты
Қандыруға құмарын.
Екі сұлу еркелесті,
Бір-біріне жарасып;
Тағы нәзік "не-не? " десті,
Бір-біріне қарасып.
Бөліп әсем ойындарын,
Екі ғашық сүйісті;
Сүйісіп боп, мойындарын
Мұңайысып иісті.
Екі маңғаз ғашық жұбай,
Шын сүйіскен жар еді;
Мұңайысты неге бұлай,
Не қасіреті бар еді?
Екі маңғаз еркін өскен,
Қосылысқан жар еді;
Ертегідей еркелескен,
Тағы неге зар еді?
Екі сұлу мөлдіресіп,
Неге бүгін мұңайды?
Бірін-бірі елжіресіп,
Неге ақырын сылайды?
Дауыстары қалтырасып,
Неге нәзік жылайды?
Қосылысқан екі ғашық
Тағы нені сұрайды?
Көл ортасы кең жайқыннан
Келген аққу бұрылып,
Қасіреті іште тынған,
Жөнеп берді сырылып.
Қыңқылдады қалар ғашық
Көздің жасын тыя алмай.
Көлбеңдеді о да жасып,
Кетер ғашық қия алмай.
Қимаса да бірін-бірі,
Қайта-қайта қайрылып;
Екі ғашық әрең тірі,
Тағы кетті айрылып.
Екі ғашықтың міне сыры,
Қанбаса да құмары.
Көл шетінде қалды бірі,
Тағы кетіп сыңары.
Бір шоқ қамыс жиекте өскен
Бір мезгілде қалт етті.
Қалт етті де үні өшкір,
Үндемеске ант етті!
Шоқ қамысты жыбыр еткен
Аққу кербез елер ме?
Құрттан қорықса қыбыр еткен,
Көл шетіне келер ме?
Кешікпеді, шоқ қамыстан
Жасыл ұшқын жарқ етті:
Ақ түтінмен оқ қамыстан
Бұрқ атылды, шаңқ етті!
Кім бүйтті екен көлді жарып?
Суық жүрек шіркін-ай!
Айна көлді оқпен қарып,
Соққандай ғып көктен жай!
Аһ!.. деді де көл селк етті,
Аһ!.. деді аққу: "жаным-ай! "
Қыларын оқ қылып кетті;
Неге бүйттің, зәлім-ай?!
Дәл көздеді сұрша мерген
Шын сұлудың нақ төсін;
Селк етті аққу, мұрша келмей,
Басып қалды ақ төсін.
Төсін басып бір ұмтылды,
Жатты жайып құшағын;
Шоқ қамыстан тұра ұмтылды
Мерген алып пышағын.
Ойда жоқта бұлан етіп,
Тағдыр-минут кеп жетті.
Уыздай ақ төстен өтіп,
Көлді сызып оқ кетті.
Күңіренді көл қарғыс шашып,
Шулады көл гүрілдеп.
Аққу жатты төсін басып,
Ағып қаны, дірілдеп.
Айна көлге жылап ақты
Әппақ төстен қызыл қан;
"Хош, жаным! " деп қанат қақты
Үзілді тез шыбын жан.
Суды сабап, шапшаң мерген
Ақ қанатты қайырды:
Еш күнәсіз шашақ терген
Екі ғашықты айырды!
Көздегенін атып жығып,
Сұрша мерген кенелді;
Ұры шіркін келген бұғып,
Енді алшандап жөнелді.
Сол мезгілде аққу ұшты.
Жалғыз қалған жырақта;
Суды сабап келіп түсті
Түтін шыққан құраққа.
Аққу көрді ойда жоқта
Бір пәленің келгенін;
Ғашығының ұшып оққа,
Жау қолында әлгенін!
Аққу тағы зарлап ұшып,
Жалғыз қалган жарына;
Жығылды кеп суды құшып,
Сұр мергеннің жанына.
Қалған ғашық болмай ие
Моншақтаған жасына;
Шықты даусы іші күйе,
Мергеннің кеп қасына.
Сыңсып аққу суды шашып,
Шырқ айналды зәлімді,
Сұр мергенге төсін ашып,
"Мені де ат! " деп жалынды.
Қып-қызыл қып қолын қандай
Ақ сұлудың қанына;
Мерген кетті шыдай алмай,
Күйіктінің зарына.
Аққу бетін жаспен жуды,
Кекке шықты күйініп;
Сұр мергенді қоймай қуды
Көктен жерге түйіліп.
Сұр мергеннің алдына кеп,
Тағы келіп құлады;
"Атшы жылдам мені де! " - деп,
Бауырын басып жылады.
Мұны дағы батыр мерген
Енді атуға батпады;
"Мені де ат! " деп жылап келген
Сорлы жарды атпады.
Сұр мергенді шырқ айналып,
Жылап аққу қалмады;
Өзегі өрттей күйіп-жанып,
Қаққан қанат талмады.
Мерген кетіп бара жатыр,
Алды-артына қарамай;
Аққуды аңдып атқан батыр
Тағы атуға жарамай.
Біресе аққу шырқап биік,
Көкке жылап зарлады;
Біресе кеп жерге тиіп,
Көзден жасы парлады.
Біресе кеп жерді сабап,
Жер бауырлап ыңқылдап;
Біресе ұшып желді сабап,
Назаланды сұңқылдап.
Шіркін ғашық жан жолдасын
Тастауға енді қимады;
Мөлдіреген көздің жасын
Моншақтатты, тыймады.
Жылама енді, күйікті жар!
Неге керек еңіреу?
Кімге мұнша қыласың зар?
Жер менен көк меңіреу!
Талай сорлы жер мен көкке
Сен тәрізді жылаған;
Көздің жасын төгіп текке,
"Мені де ал! " деп сұраған.
Аққу білді батыр мерген
Енді мұны атпасын;
Канға бояп төсін керген
Жұбайымен жатпасын.
Жер мен көкке зар еңіреп,
Шыдамады күйікке;
"Жұбайымнан қалмаймын" деп,
Шықты шырқап биікке.
Сорлы ғашық бел байлады
Жұбайынан қалмасқа;
Серт қылғандай, айқайлады
Көлге қайтып бармасқа.
Көкке қарай қанат кағып,
Аққу кетті бұлдырап;
Бір мезгілде төмен ағып,
Төңкерілді судырап.
Төмен ағып қадалды да,
Найзадай боп шаншылып,
Сұр мергеннің қақ алдына
Жығылды аққу жаншылып!
Күйікті жар құлап өлді,
Ақ төсінен қан ақты;
Жұбайына "ырза бол! " деп
Бір-ақ серіпті қанатты.
Өлімді де шіркін ғашық
Сүйгенімен бір көрді;
Жан күйігін мәңгі басып,
Жұбайымен бірге өлді!
01.05.2019
Вернуться назад