DataLife Engine / Сәкен Сейфуллин (Ғазал)

Сәкен Сейфуллин (Ғазал)

(Абай үлгісімен)

Сөйлей көр, тіл мен жақ,
Сөзіңнің бәрі хақ.
Парыздай міндетің -
Қалқаны мақтамақ...
Мамық төс, ақ тамақ,
Бұраң бел, құшсақ нақ.
Үлбірек екі ерін,
Бейне гүл қызғалдақ.
Қараймын қасыңа,
Жібектей шашыңа.
Тістерің ұқсайды
Ақ меруерт тасына.
Кел, жаным, қасыма,
Нансаң бұл расыма;
Бар дүние тең келмес
Жалғыз бір басыңа.
Бал тамған сөзіңнен,
От жанған жүзіңнен.
Мөлдіреп қараған,
Айналдым көзіңнен.
Бал беріп сөзіңнен,
Өптірші жүзіңнен.
Ұжмақтай хор қызы
Артылмас өзіңнен.
Жүректің дертін бас,
Кел, жаным, көңлімді аш!
Ақырын жымиып,
Күліп бір нұрың шаш.
Ғашықтық болсын паш,
Білсін де өзге жас.
Жалындай жандырып,
Лебіңмен қылшы мас!
Лебізің, шекер бал,
Сымбатың өрім тал.
Шырайың саяда
Алмадай қызыл ал.
Сен бір шоқ қызыл гүл.
Қонған кеп мен бұлбұл.
Тарқамас құмарым,
Сені иіскеп бес мың, жыл.
Сайра да біздің тіл,
Жырла да мың құбыл.
Бұлбұлдың ғашығы гүл,
Сүйгенім, өзің, біл!
19.04.2014
Вернуться назад