DataLife Engine / Мағжан Жұмабаев (Тез барам)

Мағжан Жұмабаев (Тез барам)

Қыранымын сары сайран даланың,
Қос қанатым — алтын Алтай, Оралым.
Еркін дала ардақтысы, еркесі —
Бетім қайтпай өскен батыр баламын.
Асқан алып — ата затым сұрасаң,
Асқан дана — ана затым сұрасаң.
Шашып жалын жас жолбарыс ұмтылса,
Қорқақ құлдар, қалай қарсы тұрасың?!
Тұлпар мініп, туды қолға алайын,
Суырып қылыш, қан майданға барайын.
Жердің жүзі кім екенім танысын,
Жас бөрідей біраз ойын салайын.
Тірілтейін алып атам аруағын,
Тазартайын Сарыаркамның топырағын.
Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,
Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым.
Дұғада бол, алтын Алтай - қарт анам,
Алып ата, қуды жолың ер балаң.
Ақ шашыңды, көкірегіңді иіскеуге,
Тәңірі жазса, сәулетпенен тез барам.
02.04.2014
Вернуться назад