DataLife Engine / Қалқаман Сарин (Бауыржан Жақыпқа)

Қалқаман Сарин (Бауыржан Жақыпқа)

Бауыржан аға!
Бауырға баспай, бауыр бола ма?
Қасыңнан сенің табылсам деуші ем,
Жармасқан сәтте жауың жағаңа.

Бауыржан аға!
Сені іздеп келгем ауылдан ана...
Қобыз боп кеудем құлазып күйі,
Ем іздеп келгем ауыр жарама.

Бауыржан аға!
Сағынған жанда сабыр қала ма?
Тулаған асау толқын – жүректі,
Соғады келіп дауыл жағаға.

Бауыржан аға!
Жаныңнан жылы жауын жауа ма?
Өлеңге құмар ініңнің мынау,
Бағытын байқап, барын бағала.

Бауыржан аға!
Сен өскен сонау сәуір далада,
Таудай тұлғалы Бабалар жатыр,
Күрсініп іштей қабір – молада.

Бауыржан аға!
Өтсе де талай дәуір – замана,
Қамалдай болып қасқайып тұрған,
Қасиет бар-ау тауымда дара.

Бауыржан аға!
Сорым бола ма, бағым жана ма,
Бір Құдай білер!.. Өлеңге келдім,
Қаламсабым бар қолымда қара.

Бауыржан аға!
Жүрерміз қанша «тәуір» қалада.
Арқатқа барып қайтсақ қой, шіркін!
Ақ жарқын көңіл – ауылда ғана.
Бауыржан аға...
31.01.2014
Вернуться назад