DataLife Engine / Қалқаман Сарин (Іңірдегі үнсіздік)

Қалқаман Сарин (Іңірдегі үнсіздік)

Керуеніне ілесіп Өмір – Көштің,
Өтті бір күн. Қалмады көңілде ешкім.
Үнсіздікпен үйлесіп іңірдегі,
Сырласына айналам қоңыр кештің.

Қызыл іңір. Барады Күн қанталап.
Қыр астынан келеді Ай түнді арқалап.
Жалғыздықтан, жаным-ау, мені тағы,
Қалар дейсің құтқарып кім қалқалап?

Жалғыздықтың сүйгені сол – тыныштық,
Тыныштықта жоқ, жаным, қорқыныш түк.
Мұнарадай мұң шақсам түнгі аспанға,
Жұлдыз еріп кетер ме? (Дертім ыстық...).

Айлы түнге асыққан ақын көші,
Иә, жалғыздық – жанымның жақын досы,
Cен де мені сүйер ең, көрсең егер,
Өлең жазып отырған сәтімді осы.
31.01.2014
Вернуться назад