DataLife Engine / Қалқаман Сарин (Әке)

Қалқаман Сарин (Әке)

Білемін, бәрін, бәрін сездің, Әке,
Асылы айтпаушы едің сөзді қате...

Жерлеген күні сені дертті болып,
Мен түгіл жылап тұрды көк түнеріп.
Жеткізген он баланы қайран Әке,
Жете алмай жетпіс жасқа кеттің өліп.

Кеп жатты құрдастарың көңіл айтып,
Сиреген қатарлары көбі қайтып.
Тағдырдың жазуына қандай шара,
Қоятын не қуантып, не мұңайтып.

Болды рас дертің күшті, қайғы содан,
Ажалдан құтылып ед қай кісі аман?
Ішінде он баланың отырса да,
Жылайды жалғызсырап байғұс анам!

Қайран әке, жастығын тез ұрлатқан,
Мойымай нала шаққа.
Көңіліме нұр құйып, көзімді ашқан,
Жол сілтеп болашаққа.

Айтқан ақыл, салмақты сөзің мақтан,
Бастаған парасатқа.
Жүрміз әлі жан әке, өзің жаққан,
Жылынып сол ошаққа.

Қайран әке, жаны – жаз, сөзі – көктем,
Жүруші ек көп еркелеп.
Жүрмін бүгін жақсының көзі боп мен,
Ержетіп тек ертерек...

Тағдырына ұл-қызың төзім еткен
Бір Алла берер көмек!
Жүрміз әлі, жан әке, өзің еккен
Еменді көлеңкелеп...
29.01.2014
Вернуться назад