DataLife Engine / Тәуелсіздік күні: тәуелсіздік туралы өлең, 30 жылға өлеңдер

Тәуелсіздік күні: тәуелсіздік туралы өлең, 30 жылға өлеңдер

Құрметті оқырмандар! Осы мақалада балаларға және мектепке арналған тәуелсіздік туралы үздік және авторларымен өлеңдер жинағы жарияланды.

 Желтоқсанның желі, аязы, ызғары
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.

Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,
Талай қазақ гүлдерін де солдыра,
Ел билеуге алып келді Колбинді
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.

Егемендік – бұл елімнің елдігі,
Егемендік – барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік – елін, жерін қорғаған,
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.

Желтоқсаным – тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерге сақтау керек үнемі.

Автор: Айдана Боранбаева


Желтоқсан алаңы 

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.

Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.

Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.

Жоқ!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.

Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.

..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

Автор: Мұхтар Шаханов


Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!

Ендіктерді аралап еркін дүбір, 
Алаулатты керемет көркіңді нұр. 
Алақайлап аспанға атып тұрып, 
Берекелі бастағы бөркіңді бір... 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Қазақ елі азат, 
Қазақ жері азат, 
Қазақ ері азат, 
Бұдан нұрлы шақ бар ма? 
Бұдан асар бақ бар ма? 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Әдіптеді арманды әуелгі үміт, 
Кекете алмас қазақты жау ел күліп... 
Тәуелсіздік туындай биік еңсең, 
Кетті бүгін келмеске тәуелділік... 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Қазақ елі азат, 
Қазақ жері азат, 
Қазақ ері азат, 
Бұдан нұрлы шақ бар ма? 
Бұдан асар бақ бар ма?! 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Төрт түліктен майысып арқа, белдер, 
Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер... 
Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін 
Танығысы келмейтін тарпаң елдер... 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Қазақ елі азат, 
Қазақ жері азат, 
Қазақ ері азат, 
Бұдан нұрлы шақ бар ма?! 
Бұдан асар бақ бар ма?! 
Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын! 

Базарбай Исаев


Тәуелсіздік 

Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?

Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!

Қалқаман Сарин


Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер

Жиырма жыл, жиырма жыл азаттық,
Өзімізді құрсаудан да босаттық.
Ақтадық біз ата-баба үмітін,
Қолда қазір көк ту менен бостандық.
Желтоқсанның қанды суық ызғары,
Қалың әскер қазағымды қорлады.
Тәуелсіздікті қолдаған жастардың
Отан үшін табандары тозбады.
Жүректе намыс оты лапылдаған,
Күш-жігері жастардың сарқылмаған.
Отан үшін олар шығып алаңға
Қарсы ағып өзендей тасқындаған.
Болмасам да сол кезде мен сеземін
Жүректе намыс оты сөнбегенін,
Ызғарына аяздың төзгендерін,
Бұл күннің оңайлықпен келмегенін.
Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі.
Татту-тәттібоп халқымыз әрқашан,
Кетпесін туған жердің берекесі.


Пайдалы сілтемелер:


Тәуелсіздік – тірегім

Көзіме бүгін жас келіп тұр, халайық,
Әрбір істі зердеге алып қарайық.
Тәуелсіздік жолына жан пида еткен,
Ерлерімізді есімізге алайық.

Жүрмейікші жүнжіп босқа түнеріп,
Еске алайық, есімдерін білелік.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ,
Алмайықшы екі қолдан жіберіп.

Жиырмадағы жалындаған жасында,
Қаншама жас азап шекті расында.
Желтоқсанның ызғары өтіп кеудеден,
Қарсы тұрды Колбин қосқан қосынға.

Соны ойласам елжірейді жүрегім,
Өздері өліп, қорғап қалды Ұлы елін.
Желбіресін көк байрағы халқымның,
Тәуелсіздік болсын мәңгі тірегім.


Қыран ұшты

Қыран ұшып қарға келді ендігі,
Мынау халық – қарғалардың жемтігі.
Қазақ кетіп орыс келді тағы да,
Екі бастың бар ма енді теңдігі.

Шыдай алмай жастар шықты алаңға,
ОМОН-дар да қаптап жүрді алаңда.
Шаштан сүйреп, тепкіге сап қыздарды,
Төгіп кетті жастарды бос далаға.

Ауыр тиді бұ да енді балаға,
Студенттер шыға алмады далаға.
Тергеушілер қойып қалып өтірік
Талай адам ұшырады жалаға.

Студентті хат жазбауға көндіріп,
Балаларды бүлікші деп сендіріп,
Талай жасты оқуынан шығарып
Қой соңында жүрді олар ерігіп.

Айтып отса өтірік емес бұл деген,
Тек қазақ па ақ патшаға сенбеген.
Тәуелсіздік кетпей қазақ жерінен
Әй, қазақтар енді өзгеге жүгінбең!


Қазақстан тәуелсіз ел

«Жауына табынбаған,
От болып жалындаған...»
Азаттық қоныс қылған,
Елінде бақыт тұнған.
Қыраны еркін самғап,
Аспанда қалықтаған.
Желбіреп жалаулары
Иені жоқ даласында
Әнұраны шарықтаған.
Бәріне құшақ ашып,
Ешкімді жатсынбаған.
Көңілі ашық қашанда,
Бар елмен туыс болған.
Дұшпаны тұрса күліп,
Қиып түсер қылыш болған.
Дәстүрін ұмытпаған,
Ұлыларын ұлықтаған.
Зымзия харамдарды,
Жанына жуытпаған.
Қадалған жерден қан алып,
Өліспей беріспеген.
«Көздерінде от ойнар»
Ұлдары батыр кілең.
Қисынынан сөз табар
Өр халақы ақын кілең.
Осындай бар ма ел десе,
Ойланбастан айтар ем
Қазақстаным бұл менің!

Қазақстан тәуелсіз ел, қанатын жайған әлемге,
Ақ бозаты оза шауып, жаңғырған аты әлемде.
Өткен күндер келмеске кетті, тарихта қана айтылып
Жанарларын мұң шалмай, ұлың мен қызың күлуде.
Нәсібін Алла қазағыма аямастан беруде,
Көктен де жерден байлығындағы төгуде.
Қарыштап, дамып бар елге болдық төреде,
Азаттықтың ақ сұңқарлары қазағымның көгінде,
20 жылдан аса уақыт қалықтап ұшты бұл күнде!
Тәуелсіздік тойларыңыз құтты болсын ендеше!
Автор: Қаниев Марат


Тәуелсіз ел тарихы!
Ерте заман,о бастан қазақ халқы,
Ел болуға талай ғасыр шайқасты
Үйсін,сақтар ғұндардың патшаменен батыры,
Еуропаның төріне,даңқы өрлеп жайғасты,
Алла бізге сыйлады еркіндік пен елдікті,
Оған қоса берген ғой сабырлық пен теңдікті
Зар заманда бірігіп,жұдырық пен найзасы
Қорғады ғой өле-өлгеншебасқа ұлт пен теңдікті.
Еділ патша ұрпағы Абылаймен жалғасып,
Елдік үшін күрестік тайсалмастан сан ғасыр
Бастан кешкен зар заман,отаршылдық езгісін,
Болашағы елімнің,бүгінгі ұрпақ көрмесін!!!
Автор: Әдікенова Марфуға




Тәуелсіздік туралы өлең 30 жыл

авторы: Жібек Ысқақова

Келді міне, отыз жыл! Тойла қазақ!

Келді міне, отыз жыл! Тойла қазақ,
Азаттықтың ақ таңы қуандырып.
Биле, биле шаттана, тойда қазақ,
Өлеңдете, «отыз жыл» жыр қалдырып!

Пейіліміз қазағым тарылмасын,
Ағын судай жарқырап арындасын!
Қазағымды ең мықты ел ретінде,
Бүкіл әлем бас иіп қабылдасын!

Шаттандырған қуантып — отыз жылдық,
Мақтан қылған жырлатып — отыз жылдық.
Тәуелсіздік мерейтой құтты болып,
Отыз жылды Алла берсін жүз жыл қылып!


Тәуелсіздік — соғып тұрған жүрегім,
Сен бар жерде азаттық бар білемін.
Сүрінсем мен абайсызда жығылып,
Тәуелсіздік — қуат берер тірегім.

Қайрат, Ләззат, Сабираның үні бар,
Азаттықтың ұмытылмас жыры бар.
Тәуелсізбіз, азат елміз — отыз жыл,
Біздер үшін айнымайтын құны бар.

«Отыз жылдық» мерекең құтты болсын,
Қаны таза, жаны таза қазағым!
Желтоқсаншы жастар бастан кешірген,
Ендігәрі болмасын ондай азабың!


Жасай берші қазағым, елім менің!

Көк байрағың аспанда күлім қағып,
Жасай берші қазағым, елім менің!
Егеменді, тәуелсіз азаттықта,
Жасай берші кең байтақ жерім менің!

Отыз жылда ел жаңа, жаңа далам,
Тұрғызылды Бәйтерек, жаңа қалам.
Бейбіт күнде қазағым жасап жатыр,
Арман еткен күндерде ата-бабам!

Биігіңнен құламашы, жаса қазақ,
Алла қолдап жалғасып күндер азат.
Отыз жылдық мерекең құтты болып,
Тербей берсін бақытты күндер ғажап!


Қазақстан, Отаным!

Қазақстан, Отаным! Азат елім!
Мейірімді, қонақжай, ғажап елім.
Қайрат, Ләззат, Сәбира үндеп тұрар,
Егеменді, тәуелсіз азат жерім!

Желтоқсанның ызғарын артқа салған,
Боздақтарым көздерін жасқа малған.
Сол жастардың жанымен келген жеңіс,
Азаттықтың көк туын қолға алған.

Азаттыққа отыз жыл болды міне,
Қазақстан, Отаным! Байтақ елім!
Аспанымда желбіреп көк байрағым,
Әнұранды жүрекпен айтар елім!


Айта бергім келеді, айта бергім!

Бір өзіңе қарасам көзім тоймас,
Егеменді тәуелсіз елім менің!
Күлім қағып Атырау, Алтай бізге,
Азаттықта жайқалған жерім менің!

Отыз жылдық азаттық есік ашып,
Кең даламды маралдай тербеп жатыр.
Тәуелсіздік біздерге бақыт сыйлап,
Құлағанға дем беріп, емдеп жатыр.

Қазақстан, Отаным, байтақ елім,
Сенде тудым, өмірге қайта келдім.
Отыз жылдық мерейтой құтты болсын,
Айта бергім келеді, айта бергім!


Тәуелсіздік бақытым, бағым менің!

Тәуелсіздік бақытым, бағым менің,
Тәуелсіздік жақұтым, жаным менің.
Жүрегімнің төрінен орын алар
Тәуелсіздік айбыным, арым менің!

Отыз жылда азаттық таң сыйлаған,
Отыз жылда құлпырған бар айналам.
Тәуелсіздік тірегім, жан жүрегім,
Әрбір жері жайқалып гүл жайнаған!

Қайраттарым қандарын еткен беріс,
Сібиралар арымен келген жеміс.
Отыз жылды еңсеріп отыр міне,
Ләззаттардың жанымен енген жеңіс!


Отыз жылдық мерекең!

Желтоқсаншы жастардың тілегі бар,
Тәуелсіздік құтты болсын қазағым!
Соғып тұрған қазақтың жүрегі бар,
Тәуелсіздік айнымайтын ғажабым!

Тыныштықтың күн-түні үн қатып,
Азаттықтың ақ таңы тоқтамасын!
Айбынды елім шаттықта өмір сүріп,
Ата-ана баласын жоқтамасын!

Жанарыңда мұң болмай арда қазақ,
Арта берсін бақытың, құт-берекең.
Жанымызды шаттықта қуандырар,
Құтты болсын отыз жылдық мерекең!


Азат елім, ғажап елім!

Азат елім, ғажап елім — қазағым,
Бір өзіңсің айнымайтын ғажабым.
Отыз жасқа толып жатсың міне сен,
Ғайып болып басыңдағы азабың.

Сәбира мен Ләззат, Қайрат үн қосқан,
Қуат беріп, қайрат беріп көк аспан.
Тәуелсіздік есік ашты айқара,
Отыз жылдық мерекемен ұштасқан.

Құтты болсын отыз жылдық мерекең,
Оу қазағым азаттықты аңсаған.
Тәуелсіздік мәңгі болсын, тек алға,
Барлық ғалам бір өзіңе тамсанған!


Тәуелсіздік тұғыры

Тәуелсіздік тұғыры құламасын,
Шекарамыз темірдей берік болып.
Ендігәрі қазағым жыламасын,
Азаттықтың атына мәңгі қонып.

Отыз жылдық еліміз тамыр жайып,
Бақ-береке басына тұраласын.
Елімізде орналып бар ғажайып,
Сәтсіздіктер өрнегін құрамасын!

Тәуелсіздік тұғыры берік болып,
Отыз жылдық мереке шаттық берсін!
Бұл мерейтой ұласып мерейтойға,
Бар жақсысын еліме алып келсін!


 


Пайдалы сілтемелер:

16.11.2021
Вернуться назад