DataLife Engine / Жұмағали Саин | Социалдық екпін

Жұмағали Саин | Социалдық екпін

Екпін Еділді өрлеп, Жайықты жалпағынан басып, Оралдың етегіндей бұрқ-сарқ етіп, далаға бет алды.

Өр көкіректенген екпіннің ұлы қимылы Тянь-Шань етегін басып, дәл төбесінен бір-ақ секірді.

Еңбекті еңіретіп, ердің ерлігін сынап, құрғақты – шөл, шөлді көлге айналдырып ауылды екінші түрге түсірейін деді. Дабылдаған долы екпінге аяусыз асқарлар мен кертелі кезеңдер еріксіз сызылып қол берді. Қарсы шапқан қаскүнемдердің тауалын шағып, тарысын үктірді.

Жеке батырсынғандарды желкесінен басып, тізесін бүктірді. Желді жендет қып, боранын боратып, дауылын соқтырды. Әлсіз паразиттерді ұшырып әкетіп, тулаған толқынға тығып жібергенде күре тамырлары пытыр-пытыр етті. Жынды толқын үсті-үстіне сабалаң қырғидай қағып, ағызып әкетіп жатты.

Бұл кезде екпін еңбек көрігін басқан сахарадағы сансыз колхозды ауылдың ортасына барып, еңбекті өрбітіп істерін, өнімін арттырған еді.

Ұйымдасқан елден білегін сыбанып мыңдаған болашақ пролетариаттар сапқа тізілді.

Ауылда еңбек азаны тартылғанда өндіріске болат балғалар минутында мың рет соғылды. Екпінге екпін, қайратқа қайрат жалғасып миллион білек жұбын айырмай, топтанған күйінде қимылдап еді. Топты жетектеп қимылды қыздырып, өндіріске қарай ала-ақ жөнелді. Қызыл тулар желбіреп аспанда шарпыды. Табанда еңбек қазаны қайнап, еңбекшілер бұлағының күміс суы күнге шағылысып, сусағанның сусынын, шөлдегеннің шөлін басқандай болды. Еңгезердей дене, жоталы жауырындар мен мықты білектер бүгін ғана күресетін жауын, алысатын еңбегін тауып, құрышы қанып, сталь шпурды қайта-қайта соққанда жымыңдасқан тасты күл-талқан етіп, опырып, жерге түсіргендей болды. Бәрінің де қайраттары қайнап, жүздері жайнап, күшке күшті жанып, ынталы көңіл, қуанышты айқаймен біз жаңа пролетариат өндірісі бес жылдықтың болат түйінін күшті қолмен шешіп, ұлы екпінмен қабырғасын қалаймыз. Біздің қайла кенді қопарса, балға темірді бұйырады. Біз Қазақстан пролетариаты!

Сатыр-сұтыр етіп, бірден жер асты қаңғырып жайлағанда, сансыз қимыл, сапалы еңбек ұлы көпке шыдамай, таспен жымыңдасқан металдың құйқалары опырылып, жатаған арбалар лезде артылысып, сыртқа шығарылып жатты.

Қарқынға қарқын қосылып, қарға қыстырылған өткір шпурлардың миллионы бір қалыппен тасқа қадалғанда шахты асты найзағайдың отындай тұтанып, сталь шпурдың ұшы тиген көк тастардан ұшқын жарқ-жұрқ етті. Ұшқын ерілген еңбекке ие болған, ен далаға еңбек дүкенін орнатқан, бірлесіп іс, тізелесіп күш жұмсаған, орыс, қазақ жұмысшыларының қайтпас жігері екіленген екпіннің ұшқыны еді.

Секунд минутты, минут сағатты, ай жылды қуып, бірлескен білектерден іргелі қарқын туды.

Жұмысшылардың жүрегі өндіріс тілегі бес жылдықты төрт жылда орындау болды. Социалдық жарыспен үдетпелі жоспарды, шарттасқан сағат, қабылданған күнге жеткізбей орындау үшін жанталасып қимылдаған қарқыннан өнген өлшеусіз өнімдер, жоғарғы қалыппен сыртқа шығарылып үлкен ауызды «домна» пешінің ішіне кіріп аралас күйінен айырып, қорытқан қорғасындай қорытылып, еңбек сарайына үйіліп жатты.

Жұмысшылар барлық майданның көрігін басып, темірін қыздырғанда «оңшыл» «солшыл» елірген оппортуншылар астында қалып, зиянкестердің тамырына балта шабылып жатты. Екпін қызып, білек білеуленіп алып, күштер барлық майдандарда да социалдық құрылыс жеңетініне сенім бергенде, өндірген өнімдері кепіл болды.

Ұласқан еңбек, бірлескен білек, күшті қарқын, жолбасшымыз коммунист партиясы бастаған социалдық құрылыстың қарқыны еді.
29.10.2018
Вернуться назад