DataLife Engine / Алтын құс

Алтын құс

Бір шалдың үш ұлы мен алма ағашы болыпты. Шал жыл сайын оның жемісін жеп, жасарып тұрады екен. Бір жылы алмаларын белгісіз біреу жеп кетеді. Келер жылы шал сақтық жасап, үлкен баласын күзетке тұрғызады. Түнде ол ұйықтап қалып, алманы жегізіп қояды. Екінші жолы ортаншысы күзетеді. Ол да ұйықтап қалады. Үшінші жолы кіші баласы күзетпек болады. Ол ұйықтамай, түнімен сыбызғысын тартып отырады. Түннің бір уақытында алтын құс келіп, алманы жей бастайды. Бала қанатынан ұстай алғанда құс ұшып кетіп, бір қауырсыны қолында қалады. Ертесіне құстың қауырсынын әкесіне әкеліп береді. Сонда әкесі:

— Енді құстың өзін табыңдар, – дейді.

Ғажайып құсты іздемек болып, шалдың екі ұлы мықты ат мініп, жүріп кетеді. Сол кезде кіші баласы:

— Мен де барамын, – деп әкесінен рұқсат сұрайды. Әкесі келісіп, сары құнанын ерттеп береді. Бала жол бойында қара тасқа кезігеді. Қара таста «Сол жаққа барғанның өзі өледі, оң жаққа барғанның аты өледі» деген жазу бар екен. Сонда құнанға тіл бітіп: — Өлсем өлермін, оң жаққа жүр, – дейді.

Бала тоғайдың ішіне келгенде бір бөрі тап береді. Ол аттан түсе қашады. Бөрі атты бас салады. Құнанынан айырылып, бір терекке жасырынып, жылап отырған балаға қасқыр:

— Қорықпа, мен сенің атыңды жедім, енді тілегіңді орындап, барар жеріңе жеткіземін, – дейді.

— Іздегенім алтын құс еді, – дейді бала.

— Онда сен менің үстіме мін де, көзіңді жұм-дейді. Мінеді, көзді жұмады. Бөрі зымырай жөнеледі. Бір уақыттар болғанда, қасқыр «көзіңді аш» дейді. Бала көзін ашса, бір қалаға келіпті. Бөрі:

— Құс мына үйде, ақырын барып аяғынан ұстамай, қанатынан қармап алып шық, – дейді.

Бала үйге кіргеннен кейін қасқырдың сөзін ұмытып, құстың аяғынан шап береді. Сол кезде аяғындағы қоңырауы шылдырлап, ханның жігіттері баланы ұстап алады. Ертеңінде оны ханға алып келеді. Хан:

— Құсты неге ұрламақшы болдың? – деп сұрайды.

Сонда бала:

— Менің әкемнің бір түп алмасы бар еді, құсыңыз үш жылдан бері алманы жеп кетіп, әкем содан бері қартайып бара жатыр, –дейді. Хан:

— Әкең үшін қаныңды төкпейін. Осы жақта бір ханның алтын жалды, алтын құйрықты аты бар, соны әкелсең, құсты беремін, – дейді.

Бала бөріге келіп ханның тілегін жеткізеді. Сонда бөрі:

— Үстіме мін де, көзіңді жұм, – дейді. Бір уақытта бұлар тағы бір қалаға келіпті. Сонда бөрі:

— Қырық сарайдан кейін бір сарай бар. Сол сарайда алтын жалды ат тұр. Шылбырынан ұстамай, жалынан жетелеп алып шық, – дейді. Бала айтқанды ұмытып, шылбырынан жетелеп шығамын деп, тағы да қолға түсіп қалады. Ертесінде ханның алдына барғанда, бала не үшін келгенін айтады. Сонда хан:

— Әкең үшін жазаға тартпаймын. Осы жақта бір ханның сұлу қызы бар, соны алып келсең, атты беремін, – дейді.

Бала бөріге келіп жағдайды айтады. Сонда бөрі:

— Бұл жолы мен барайын, – деп өзі кетеді. Ханның қызы қырық қызбен бақ ішіне сейілдеуге шыққан екен. Бөрі алма ағашына жасырынып тұрады. Қыздар жанынан өте бергенде ол ханның қызын көтеріп ала жөнеліп, балаға әкеледі. Жолда қыз бен бала бір-бірін ұнатып қалады. Бала бөріге:

— Екеуміздің айырылғымыз келмейді, осының амалын тапсаң екен, – дейді.

Сонымен, олар шаһарға келеді. Бөрі кейпін өзгертіп, сұлу қыз бола қалады. Бала ханға айтқан қызың осы деп кейпін өзгерткен бөріні алып келеді. Хан балаға риза болып, алтын жалды атын береді. Бала кеткен соң қызды үйге кіргізіп, жанына жақындаса, қыз жоқ-қасқыр тұр. Хан қорқып талып қалғанда, қасқыр сыртқа қашып шығып, жігітті қуып жетеді. Бала бөріге:

— Бұл аттан да айырылғым келмей тұр, соның бір амалын тап, – дейді. Бөрі «мақұл» деп кейпін өзгертіп, алтын атқа айналады. Хан алтын жалды атты қолына түсіргеніне мәз болып, балаға алтын құсты ұстатып жібереді.

Хан сол күні аңшыларын жинап, бала әкеліп берген алтын атқа мініп, аңға шығады. Бір жазыққа аттарын тұсап, өздері киік атуға кетеді. Олар кетісімен, бөрі өз бейнесіне еніп,тұсалған аттардың бәрін жеп қояды. Содан соң баланы қуып жетеді де:

— Әрі қарай өздерің жүре беріңдер, – деп қалып қояды. Екеуі ұзақ жол жүреді. Бір кезде қыз:

— Аздап демалайыңшы, – дейді. Екеуі ұйықтап жатқанда жігіттің екі ағасы жетіп келіп олардың үстінен түседі.

— Әкеміз екеуің таппағанды інілерің тапты деп бізді жек көретін болады деп, әрі қызға қызығып өзара ақылдасып, інісін өлтіріп, сұлу қызды, алтын құсты және алтын жалды атты алып кетеді.

Бір күні баяғы орманды кезіп жүрген желден жүйрік бөрі баланың жайын сезіп, оған жетіп келсе, досының өлігін қарғалар шоқып жеп жатқанын көреді. Сонда ол қарғалардың патшасын ұстап алып:

— Өлместің суын әкеліңдер, әйтпесе босатпаймын, – дейді. Олар өлместің суын әкеліп береді. Бөрі суды балаға себеді. Бала:

— Ұйықтап қалыппын, – деп атып тұрады.

Бөрі балаға:

— Менің үстіме мін, үйіңе алып барайын, – дейді.

Келсе, баяғы қызға үлкен ағасы үйленгелі жатыр екен. Бала:

— Үйге кіріп, сыбызғы тартып беруге рұқсат сұрап бер, – деп бір кемпірді жібереді. Кемпір баланың сөзін жеткізеді. Сонда әкесі:

— Бәлкім, менің кіші баламның күйін ойнар, кірсін, – дейді. Бала үйге кіріп, сыбызғы тартып береді. Сонда қыз:

— Мені алған бала осы! Бұл екеуі мұны өлтіріп, мені осында алып келді, – дейді.

Әкесі істің жайын түсініп, екі баласын елден қуып, қызды кіші баласына алып береді. Екеуі бақытты өмір сүреді.

Шал болса, жыл сайын баяғы алманың жемісін жеп, жылдан жылға жасарады екен.
27.10.2018
Вернуться назад