DataLife Engine / Қасқырдың қамқорлығы

Қасқырдың қамқорлығы

Ерте заманда, шағын шаруалы бір адам өмір сүріпті. Оның үш баласы, әйелі болыпты. Балаларының есімі бір-біріне ұқсас болыпты. Ең үлкен баласының есімі Қапты, ортаншы баласының есімі Бапты, кіші баласының есімі Сақты екен. Сонан Қапты, Бапты, Сақты үшеуі күн сайын бау ағашын күзетіп жүріпті. Күн сайын баудан алма жоғала беріпті.

Сонан бір күні алма ағашын күзетуге Қапты, Бапты, Сақты үшеуі де келсе, бір құс алманы шоқып жеп отыр екен. Үшеуі шап беріп, құсты ұстап алады. Құс зорға талпынып, бір қанатын қалдырып, ұшып кетеді. Сонан үшеуі келіп, әкесіне көрген уақиғаларын баян етеді. Алманы ұрлап жеп жүрген мына құс екен деп, құстың жалғыз қанатын әкесіне әкеп береді. Қанат жай қанат емес, алтын қанат болып шығады. Сонан әкесі отырып мынаны айтады:

— Егер менің балам болатын болсаңдар, мен сендерге осы құсты ұстап әкелуді тапсырамын. Қайдан тапсаңдар да табыңдар. Егер таба алмасаңдар, үйге қайтып келмеңдер.

Үш баласы әкесінің айтқанын екі етпей, ас-суларын алып, әке-шешесімен қоштасып, құсты іздеп табуға жолға шығады. Сонан үш ағайынды жігіт бір жолмен жүріп отырады. Бір қырдың етегінде отырып кеңес қылады. Қапты тұрып үлкендігімен ақыл айтып, былай дейді:

—Біз үшеуіміз бір жүрсек, еш нәрсе де таба алмаймыз, одан да үшеуіміз үш бағытқа кетейік. Біріміз батысқа, екіншіміз шығысқа, үшіншіміз құбылаға кетелік, сонда ғана біз ол құсты іздеп табамыз.

Ағаның сөзін ақыл деп, қалған екеуі қостап, үшеуі үш жаққа айырылып кетеді. Сонан үлкені батысқа, ортаншысы құбылаға, кішісі шығысқа бағыт алып жүріп кетеді. Бірнеше күндер өтеді. Қапты мен Бапты қайта жолығысады. Сонан екеуі жолдас болып, бір жүріп іздеуге ұйғарады. Сөйтіп екеуі бірігіп бір бағытқа кетеді.

Сақты күн жүріп, түн жүріп, сәске түстің шағында бір үш айырық жолға кездеседі. Жолға көзін салып қараса, жазулар жазылған екен: «Оң қолдағы жолға түссе, өзі өлер; сол қолдағы жолға түссе, аты өлер; тура жолға түссе, барса келмес», – депті. Сонан Сақты ойланып, өзіне-өзі былай дейді: «Егер өзі өлерге түссем, өзім өліп, атым артымда қалады, онда не болады. Егер барса келмеске түссем, барсам келмеймін, елімді, ата-анамды көрмеймін, онда не болады. Ал, егер аты өлерге түссем, көп болса атым өліп, жаяу қалармын!» Сол ақылмен аты өлерге түсіп, жүріп кетеді.

Біраз жүргеннен кейін бір сайға келеді. Осы сайға келгенде, бір қасқыр шығады. Қасқыр өзін аударып тастап, астындағы атын жарып өлтіріп, тойғанынша етінен жеп, өз жайына кетеді.

Сақты жаяу қалған соң жылайды, бірақ кейін қайтпай, алға қарай жүре береді. Біраз жер жаяу жүрген соң, одан әрі қайда барарын білмей тұрып қалады. Сөйтіп тұрғанда, Сақтыға манағы қасқыр қайтып келіп, адамша сөйлеп, жөн сұрайды. Сақты алыс сапарға бара жатқанын, жолда атсыз қалғанын, енді қайда барарын білмей, аңырып тұрғанын айтады.

Сонда Қасқыр тұрып:

— Мен саған обал қылдым, алыс сапарға бара жатқаныңды білмедім. Енді сен менің арқама мін, адастырмай керегіңді тауып берейін, – дейді.

Сақты не қыларын білмей тұрып қалады.

— Мен саған енді қайтып қастық қылмаймын, арқама мін, – дейді Қасқыр.

Күн жүріп, түн жүріп, бір ауылдың жанындағы терең сайға келеді. Қасқыр Сақтыны арқасынан түсіріп, оған былай дейді:

— Анау тұрған биік ақ үйге барып, ішіне кір. Үйдің қабырғасы әшекеймен безенген әдемі болар, бірақ сен қызығып, оны сипап жүрме. Үйге кірген соң, оң жағыңа қарасаң, бұрышта қонып отырған құсты көресің. Құсты ал да кешікпей кейін шық! Мен сені осы сайда күтіп тұрамын, тез кел.

Содан Сақты ауылға барып, ақ үйге кіреді. Кірсе, оң жақ бұрышта бір құс қонып отыр. Құсты алайын деп бара жатып, қызығып жарды сипап қояды. Сол кезде Қасқыр даусы қаңқ ете түседі. Жан-жақтан күзетшілер тұра-тұра жүгіріп, Сақтыны ұстап алады.

— Сен мұнда не үшін келдің? – дейді.

— Мені осы алтын құсты іздетіп, әкем жіберді, – дейді Сақты.

— Сен біздің айтқанымызды орындасаң, саған бұл құсты берейік, – дейді күзетшілер.

— Орындайын, не тапсырасыңдар? – дейді Сақты.

Күзетшілер тұрып:

— Қарақан деген терең сайдың жағасында күмбездеп соққан бір сарай бар. Сол сарайдың ішінде жалы күміс, құйрығы алтын, байлаулы тұрған бір айғыр бар. Сол айғырды бізге әкеліп берсең, біз саған құсты береміз, – дейді. Сонымен Сақты далаға жүгіріп шығып, Қасқырға келіп, болған оқиғаны айтады. Қасқыр Сақтыны үстіне мінгізіп алып, жортып жүріп кетеді.

Сонан күн-түн жүріп, бұлар Қарақан сайына келеді. Келіп отырып демалады. Қасқыр тағы да ақылын айтып, айғырды әкелуге Сақтыны жұмсайды:

— Осыдан барасың, барып күмбезді сарайға кіресің, кіріп барғанда, қарсы алдыңда байлаулы тұрған айғырды көресің, жан-жағыңа бұрылма, жарға, жанға ұрынба, айғырды шешіп ал да кірген ізіңмен кейін шық, – депті.

Сонан Сақты айғырды әкелуге сарайға бет алып, жүріп келеді. Күмбезді сарайға жетіп, есігін ашып, ішіне кіріп келеді. Келсе, алдында байлаулы тұрған күміс жалды, алтын құйрықты айғырды көреді. Жан-жағына қарап қисаңдап, сырлаған жарға қызығып, сипап қояды. Сонан қоңырау шылдыр ете түседі, күзетшілер келіп, Сақтыны ұстап алады.

— Сен не ғып жүрген жансың? – деп, жан-жағынан сұрау қойып, қыспақтай бастайды.

Сақты:

— Мені мұнда сақшылар жұмсады, осы атты әкелсең, алтын құсты береміз деп айтты, сондықтан мына атты алуға келдім, – деп жауап беріпті.

Күзетшілер:

— Егер сен бізге Көк дария жағасында, Көкше таудың арасында таумен таласқан үлкен бір үй бар, сыртын алтын, күміспен жалатқан. Сол үйде бір сұлу қыз бар, сол қызды әкеліп берсең, айғырды саған береміз, – депті.

Сақты күзетшілердің айтқан сөзін ұғынып, күтіп тұрған жолдасы Қасқырға келеді. Келіп, бар көргенін айтып түсіндіреді.

Қасқыр ашуланып:

— Айтқан тілді алмайсың, кел, арқама, отыр, тағы жүрелік! – деп, қызды іздеп жүріп кетеді.

Күн-түн жүгіріп, Көк дария жағасына, Көкше таудың арасына келіп жетеді.

Қасқыр Сақтыға:

— Сен осы дария қасындағы тау етегінде күтіп тұр, мен өзім барам, сені екі рет жұмсадым, ештеңе ұқсатпадың, – деп, қызды әкелуге Қасқырдың өзі кетеді. Барса, айтқан үй алдында тұр екен. Содан қасқыр үйдің төбесіне шықса, қыз ұйықтап жатыр екен. Еш нәрсе сездіртпестен, қызды сандығымен көтеріп, жерге түсіп, Сақтыға келеді. Қасқыр:

— Жүр, кетеміз, арқама отыр, – дейді. Сонан қызды бар затымен, Сақтыны қосып, арқалап, манағы ат беретін сайға келеді.

Қасқыр Сақтыға:

— Сен мені қыз етіп ертіп алып бар, мен қазір қыз болайын ,– дейді.

Сақты мақұл деп, ертіп алып, ат берер жерге келеді. Қасқыр жолда келе жатып, Сақтыға мынаны айтады:

— Сен атты ал да мені тастап жүре бер, мен сені қуып жетемін. Егер тайға отыр десе, отырма, – деп ақыл айтыпты.

Сонымен манағы күзетшілерге келіп, «қызды» беріп, атты алып, өзінің жолдас қызының қасына келеді. Келіп амандасып, жөн сұрасып, танысып, қызға ғашық болады. Сонан екеуі ілгеріге бет алып, біраз жол жүрген соң, Қасқырды күтіп жатады.

Бірнеше уақыт өткеннен кейін Қасқыр той басталып, күзетшілер қызған шамада тұра қашады. Артынан қуғанды алып ұрып, бұрынғы Қасқыр бейнесіне келіп, белестен асады. Сөйтіп, салып отырып, Сақтыға жетіп келеді. Қасқыр:

— Жүр, ілгері, – деп, атқа сандықты артып, қызды мінгізеді. Сақтыны өз арқасына отырғызып, атты жетектеп, ілгері асып, белді басып, адаспай құс алатын сайға келеді. Сонан Сақты ат болған Қасқырды апарып тапсырып, өзі құсты алып, ғашығының жанына келеді. Келіп, ойнап-күліп, сөйлесіп, Қасқырды күтіп отырады. Сонан біраздан кейін Қасқыр жүгенін сыпырып, сездірместен сытылып, сарайдан шығып, қыз бен Сақтыға келеді. Келіп, біраз жер ұзатып, мына сөзді айтады:

— Мен енді қаламын, сен менің айтқан сөзімді тыңдасаң, қалған жолыңда үйіңе аман барасың, – депті.

Сақты:

— Тыңдаймын, – деп, Қасқырдың сөзін мақұл алады. Қасқыр сөзін бастап, мынаны айтады:

— Саған жолда екі қатер бар, содан өтсең, аман барасың, – дейді.

— Оның біреуі мынау: күн сондай ыссы болады, шөлдеп келе жатқан кезіңде, алдыңнан бір өзен су тап болады. Сонда су ішкің келер, бірақ төзіп бақ, су ішпе. Одан өтіп, бірнеше күн жол жүрген соң, шөлің басылып, енді ұйықтағың келеді, сөйтіп келе жатқанда, алдыңнан бір үлкен бәйтерек кездеседі. Түбі көк шөп, салқын, бірақ сол теректің түбіне ұйықтама, ұйықтасаң, аман болмайсың. Міне, осы екі қатерден кетсең, менің айтқанымдай, үйіңе аман барасың.

Қасқыр сөзін аяқтайды. Сөйтіп, қош айтысып, бұларды жолға салып, жөнелтіп, өз жайына кетеді.

Сақты ғашығы мен затын атқа өңгеріп, жүріп кетеді. Күн жүреді, түн жүреді. Күн сондай ыссы болады, өте қатты шөлдейді. Сөйтіп, суды қайдан табамын деп келе жатқанда, алдынан өзен суы тап болады. Сақты қатты сусап, су ішкісі келеді. Бірақ қыз Сақтыға бұл суды ішкізбейді. Сонан өзеннен өтіп, жүріп кетеді.

Енді шөлдері басылып, шаршап, ұйықтағылары келеді. Сөйтіп, болдырып келе жатқанда алдарынан бір үлкен бәйтерек ұшырайды. Сақты осы теректің түбіне демалып жатқысы келеді. Жолдас қызы бұған да ерік бермейді. Бірақ қыз сөзіне құлақ қоймай, теректің түбіне келіп, демалып, атын тұсап, ұйқыға кетеді. Сонан біраз уақыт өтті дегенде, Сақтының екі көзі шым ете қалады. Шошып оянса, екі көзі жоқ, үңірейген орны тұр. Айналасын сипаса, қасындағы қызы жоқ. Сөйтіп Сақты бар затынан, атынан айырылып, су қараңғы соқыр болып қалады. Сонан барар жер, басар тау таба алмайды. Біраздан кейін баяғы Қасқыры келіп:

— Менің айтқан тілімді алмадың, көзіңнен айырылдың, – деп, алдына алып, бір уыс топырақпен көзінің орнын уқалап, жарқыратып жібереді.

Сонан Сақты болған оқиғаны Қасқырға түгел айтып түсіндіреді. Қасқыр:

— Ғашығыңды, құсыңды, атыңды, затыңды қазір табамыз, кел, арқама мін, – деп, мінгізіп алып, жалмауыз кемпірді іздеп, жортып жүріп кетеді. Қырқадан, белден, асудан, таулардан, орманнан, сулардан асып, талай жерді басып, бір қосқа кіріп келеді. Келсе, Сақтының көзін ойған жалмауыз кемпір алдарында, іс істеп отыр екен.

Қасқыр тап беріп:

— Қазір өлтіріп, жеймін, жаныңның барында айт: ат, қыз, құс, зат қайда, тап! – деп, кемпірдің жағасынан ала түседі. Сонан жалмауыз қорқып, зәресі ұшып, буыны қалтырап, бойын билей алмай, жаны мұрнының ұшына келеді.

Кемпір тұрып:

— Айтайын, тек жанымды қалдыр, – деп сөзін бастайды. – Заттарың түгел менің баламның қолында – құс та, ат та, қыз да, зат та. Оны заңғар судың жағасынан, қалың қамыс арасынан табасың, – дейді.

Жөнін біліп алып, кемпірді екі бүктеп отқа салып өртеп, жалмауыздың баласы қайдасың деп жүріп кетеді.

Бірнеше күн жүріп, заңғар суының жағасына келіп жетеді. Алдарында аспанмен таласқан зәулім бір үй тұрады. Сол бетімен бұлар үйге кіріп келсе, қыз үйде отыр екен. Қасқыр мен Сақтыны көрген ол жүрегі аттай тулап, көзі жайнап, алдарынан қарсы шығып, құрмет көрсетеді. Сонан:

— Жалмауыздың баласы қайда? – деп сұрайды. Қыз мынаны айтады:

— Шешесін өлтіргендеріңді естіп, жұмыртқа болып, алтын құстың қамыс арасындағы ұясына кіріп, сендерден қорқып жатып қалды.

Қасқыр мен Сақты келіп, қамыс арасынан ұяны тауып алып, алтын құстың астын ақтарып қараса, бір үлкен жұмыртқаны көреді. Сақты оны қолына алып, әрлі-берлі жайлап, қыса бастайды.

Бала:

— Өлтіре көрме, құлың болайын, – деп жалынады.

Қасқыр:

— Босқа жалынба, жалмауыз тұқымына қайырым жоқ, – деп, қатты қысып жарып, жалмауыздың баласы жан тапсырады.

Сонан соң қызды, құсты, атты, затты түгелдеп алып, Қасқыр Сақтыны адаспастай етіп бастап, жолға салып, енді осы жолмен тіке жүріп, еліңе барасың, ата-анаңды табасың деп, қош айтысып, кетпек болады. Сақты Қасқырға мынаны айтады:

— Сен маған қайырым жасадың, адасқанда жолға салдың, еліме аман-есен жетуіме үлкен көмек көрсеттің, жүр менімен, қонақ боласың, үйден не қаласаң, соны аласың, – деп, Қасқырды жібермепті.

Бірақ Қасқыр:

— Қонақ болмаймын, саған да көп рақмет, сен маған ренжіме, әуел баста атыңды алып, жаяу қалдырдым. Сондықтан бір істеген зұлымдығымды, міне, бірнеше есе жақсылықпен жойып отырмын, – деп көнбейді. Басыңа қиындық іс түссе, қажеті болар деп, жүнінен жұлып қолына ұстатады.

— Керек уақытыңда осының бір қылын тұтатсаң, мен даяр боламын, – деп, уәдесін береді.

Сонымен қош айтысып, Сақты еліне жүреді. Қасқыр да өз жайына кетеді.

Ата-анасы баласының келгеніне қуанып, әкелген қызына үйлендіріп, тойын жасап, жұртын жинап, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты.

Күндерде бір күні Сақты аңға шығады. Аң аулап, құс атып, далада жүріп, кештің болғанын да білмей қалады. Қараңғыда адасып, жол таба алмай жүрген шағында бір жалмауыз кемпір тап бола кетіп:

— Іздегенім сен едің, сіңлімді баласымен өлтіріп, маған қылған қорлығың аз емес, – дейді. — Мен де қазір саған көрсетермін қорлықты.

Тісін қайрап, шақылдатып, Сақтыға тұра ұмтылады. Атына қамшы басып, зырқырап, Сақты да тұра шабады. Сақты артына қараса, жалмауыз жетіп қалыпты. Не істерін білмей сасқалақтап, етек-жеңін басып, ақылынан адасып, қайтадан есін жинайды. Төс қалтасынан қасқырдың қылын алып, тұтатады. Түтінін бұрқыратып, қолына ұстап, алға қарай әрі асады, бірер қырды басады. Астындағы аты болдырып, не істерін білмей тұрғанда, қасына таныс Қасқыры жетіп келеді. Сақты қасқырға иіліп сәлемін береді. Қасқыр мен Сақты амандасып болған шамада, тісін шақыр-шұқыр қайрап, жалмауыз да келіп қалыпты.

Сақты:

—Жанымды көзіме көрсетіп, мені қысқан осы жалмауыз, қарасын өшір, достым, – деп, Қасқырға баян етіпті. Қасқыр жалмауызға тап беріп оны өлтіріп, істің сәтін келтіріп, Сақтыны таянған ажалдан аман алып қалыпты. Сонан Сақты Қасқырға көп алғыс айтып, үйіне қонаққа шақырыпты. Қасқыр қонаққа бармай, қош айтысып:

— Басыңа қиындық іс түскенде, әр уақытта әзірмін, – деп өз жайына кетеді.

Сақты ажалдан құтылып, аман-сау еліне келіпті. Үйіне келсе, әйелі ұл туыпты. Сақтының ұлына көңілі толып, бағыма тап болған бақытым деп, есімін Бақытты қойыпты. Сүйгенімен өмірінің қалған күнін ойын-сауық күлкімен өткізіп, ұлы қасында, бақ дәулеті басында, сөйтіп мұратына жетіпті. Күндер, жылдар өтіп, өлер кезі жетіп, Сақты сақтылығымен жауынан өлмей, жасы жетіп, дүниеден өтіпті.
27.10.2018
Вернуться назад