DataLife Engine / Асқар Алтай | Тұл

Асқар Алтай | Тұл

Бетон үйдің қоңырауы шолпы сылдырындай сыңғыр ете қалды. Қолына ыстық кофені ала берген Серафима дір ете түсті. Таң атпастан бейсауат жүрген “кім болды екен?” деп елеңдеп те еді, бірақ қарадан-қарап дір ете түскеніне өзі де таңырқады... Дегенмен өмір бойы әлдебіреуді елеңдей күтіп келе жатқан аңсар сезім сырғыған сынаптай соғып өтті. Ол да соқтықпалы дерт секілді ойнамалы еді.

Ауыр денесін жеңіл қозғаған әйел темір есіктің “көзінен” қарады. Қабат үйдің кіреберіс алаңқайында екі адам тұр. Оның ұзын бойлы, қара киімді қарты келесі қабатқа көтерілер баспалдақтың қашағашына сүйеніпті. Қасындағы немересі болса керек, тым жас көрінді.

Қоңырау тағы сылдыр етті.

— Бұл кім? — деді Соня.

— А...а...а... қарағым!.. — деген қарт адамның дауысы қарлығыңқырап шықты. — Мен — әкеңнің бір танысы едім...

Өткен түнде ғана әкесімен сөйлескен-ді, бірақ ештеңе демеп еді. Мұның ойының үстінен түскендей:

— Қарағым! Сен мені танымайсың. Әкеңе де көп болды, хабарласқан емеспін. Сен қам жеме! Менің өзіңе деген бір ауыз сөзім бар... Әкеңе емес. Сол үшін құлқын сәріден кеп тұрмын. Ғапу ет! — деді арғы жақтан.

Бұл еріксіз есік ашты.

— Кіріңіз!

— Рахмет! — Қара киімді, еңкіш келген ұзын бойлы қарт табалдырықтан аттар-аттамастан: — Сен сыртта күте тұр! — деді қасындағы жас жігітке. “Шамасы немересі болар” деп топшылады Соня да.

Бар-жоғы екі бөлмелі пәтердің қонақ бөлмесіндегі кресло үстіне кеп отырса да, қара пальтосын иығынан тастамады. Өңірін ғана ашып қойды. Кіршіксіз ақ көйлегі мен қара костюмі көрінді.

Соня “Кофе ішесіз бе?” деп еді, басын изеді. Сонда ғана байқады: қара құлақшынын умаждай қысқан қарттың салалы саусақтары дірілдеп, еті қашқан иықтары да қара пальто астында селкілдеп кетіпті. Әлде кәріліктен, әлде жүйкеден?

Кофе құйып жатып Соня өзіне ерте ме, кеш пе біреу келетіндей боп тұратын ұры сезіміне сәп салды. Ол сезімге тап басып сенбесе де, жалғыздықтан елегізген сәтте бой алдыратын. Ішкі бір интуициясы сездіретін. Сондайда есік жаққа елегізе қарап, елеусіз қорқынышқа сыр беріп қоятын. Мұндай соқыр үрейге бой алдыратын күйін әлгі бір әке-шешесі туралы түстен де көретін... Бұл бірақ өзінің өмір бойы күткені тап мына өлмелі шал болады деп ойламаған еді. Сондықтан селкілдеген қартқа таңырқап та отыр.

Кресло алдына қойылған “мешел” шыны үстел үстіндегі фарфор күрешкені қолына алса да, қария іше алмады. Аузы кемсеңдеп кетті. Нұры семе бастаған қой көздері ғана мейі-рімге толы екен.

— Қарағым, ғапу ет! — деді қария. — Көзіме әкеңдей жылы ұшырап кеттің... Өзімді ұстай алмай жатырмын. Кәрілік те қиын екен... Алладан ажал келмесе, сүйретіліп жүре береді екенсің. Ит жанды неме екенмін өзім де...

Соня әйел де болса, бойына біткен салқынқандылықпен сөз сонарын күтті. Қарт қолының діріліне де, көкірегінің сырылына да мән берген жоқ. Тіпті, әйел затына тән аяушылық сезім де оянбады.

— ...Мені қазір жер тартып кеп отырмын... Қарағым, көкірегіме ұялаған құпиямды бір күні болмаса — бір күні о дүниеге алып кетем бе деп қорқып едім. Иә, мен бұ дүниенің күнәсін о дүниеге өзіммен алып кетуге қорқам!.. О дүниеден емес, бұ дүниеден қорқам. Өмір бойы бұ дүниеден қорқып келем.

Қария елуді еңсеріп кеткен етженді Соняның жүзіне тіке қарамай, балконды терезеге тесілген. Тамырлары көгере адырайған арық қолдарының бірімен қу тізесін уқалап, енді бірімен құлақшынын умаждап отыр. Соня да бедірейген күйі міз бағар емес.

— ...“Бұ дүниенің қиянаты о дүниеге кетпейді” деуші еді баяғылар. Мені де сенің алдыңа дедектетіп әкелген сол құдірет.

Сонда ғана Соня іш тартып қалды. Суық салған өңі сұп-сұр боп кетті. Сыр бермеуге тырысты. Қария болса аса бір қажырлылықпен сөйлей берді.

— ...Қарағым! Заты, мен қорқақпын. Мені алпыс жылдан астам үрей иелеп алған... Сен мені кінәлама?! Сенің алдыңа да қорқа-қорқа әрең келдім. Келмеске шарам қалмады.

Соня қашаудай қадалды. Қарияның қолы тыным таппады. Дірілі де басылмады. Кофе де ішілмеді.

— Алла емес, аруақтан қорқам! Аруақ айдап келді... Әкеңнің аруағы...

— Менің әкем — тірі! — Әйел дауысы жарықшақтана оқыс шықты.

Қарт селк ете түсті. Сөзі де үзіліп қалды. Қолындағы құлақшыны еденге түсіп кетті. Оны бірақ қария сезбей де қалды білем, қос қолдап қос тізесін уқалай берді. Көзін бірақ күн түскен терезе жақтан аудармады.

Алдыға ұмсына отырған күйі:

— Қарағым! — деді. — Менің сөзімді бөлмей-ақ қойшы!.. Мен бір сорлы адаммын. Сужүрек. Айтайын деген сөзімді айта алмай, абдырап қаламын. Сен сәл сабыр етші! Сабырлы едің ғой, әкең секілді. Сабаз жан еді... — деп өз-өзімен сөйлескендей болды, өңі бір қуарып, бір күреңітті. — Мен айтып алайын! Ар жағын өзің білерсің... Сынарсың, салмақтарсың!

Қарт кенет қос қолын шыны үстел үстіндегі күрешкеге соз-ды. Қолдары дірілдеген қалпы кофе құюлы ыдысқа жармасты. Суи бастаған кофені езуінен ағыза-тамыза ішіп салды.

— У-у-ух! — деп терең күрсінді. Тарамыс-тарамыс саусақтарын қу сүйек тізесінің шодырайған үстіне салып, иығының селкілі мен қолдарының дірілін басқысы келгендей уқалай берді.

Соня да қандауырдай қадалды да қалды. Бет-жүзінің қаны қашып, ақсөңкедей қуарып алған. Бүлк етер емес.

— ...Қарағым, сенің екі әкең бар: өз әкең баяғыда мерт болған. Ол — бақилық марқұм... Ал қазіргі генерал әкең сені асырап алған.

Қария бір сәт тоқтап, Соняға қарады. Оның жақ еттері жыбырлап, жанарлары жеп жіберердей боп отыр екен.

— ...Кешір, қарағым! Айтпасам — аруақ шыдатпайды, айт-сам — адам сорлайды... Аруақ қиналғанша, адам қиналсын дедім. Ақиқат өлмесін дедім, — деді қария кенет жігерленіп. — Сенің туған әкең “халық жауы” деп атылып кеткен. Ол әлі күнге ақталған да емес... Мен де әкеңнің “ауыз жаласушысы”, “сыбайласы” ретінде ұсталғам. Маған бірақ өлім бұйырмай, Сібірден 10 жыл бұйырды. Содан 1948 жылы қайтып оралдым, бірақ сенің қазіргі әкең тағы артымнан түсті. Туған әкеңе де, мен секілділерге де үкім кескен “үштіктің” бірі — осы әкең еді... Құжатымды тексеріп, шикілік тауып, “істі” қылам деп үрейлендірді. Ақыры дегеніне көндірді: “КГБ” ауласын сыпырушы қылды.

Терезе жаққа көзін тіккен саудыраған қарт кілт тоқтады. Кіжіне сөйлегенін аңдады ма, дауысын бәсең шығарды.

— ...Кейін ақталдым. Генерал әкең ақталуыма да атсалысты. Тіпті екі бөлмелі үй де алып берді. Кінәсін жуғаны шығар!.. Міне, қарағым, мен сені сол уақтарда көрдім. “КГБ” ауласын сыпырып жүргенде, бір жолы генерал әкеңнің қасына келіп едің. Мен бірден таныдым: өз әкеңнен аумай қалыпсың, жүріс-тұрысыңа шейін. Әкең кесек, етженді адам еді. Генерал әкеңе айтып ем, ол: “Тісіңнен шығарушы болма! Детдомнан үш жасында алғызып алдым...” дегені. Онымен де қоймай, бір нәрсе естісем, “жаныңды жаһаннамға бір-ақ жіберем” демесі бар ма?! Содан бері аузыма берік болдым, бірақ сенің туған әкең түсіме кіретін болды. Кейінгі кезде ажалым жақын қалды ма, білмеймін, кірпігім ілінсе — әкең келеді де тұрады: “Бардың ба? Қызыма айттың ба?” дейді де тұрады, марқұм!

— Әкемнің есімі кім? — Соня тістенген күйі ақырын сұрады.

— Қызым, саған айтайын дегенім осы еді. Мен аруақтың алдындағы қарызымнан құтылдым. Қалғанын өзің біл... Қазір заң да, заман да өзгерді ғой, әкеңді де ақтап алуға болатын шығар. Есіл азамат нақақ күйді. Есімі — Ризахмет Долдаев. Сені “Ақсәулем” деуші еді.

— Ақсәуле?!

— Иә. Ақсәуле дейтін. Ал, қарағым, хош-сау бол!

Қарт орнынан сүйретіле тұрды. Еңкіш тартқан ұзын бойы тіреудей сорайып, қара пальтосы шұбалаңдана қозғалды. Соня орнынан тұра алмай қалды.

Есік тарс жабылды. Қара киінген қара сұлба ғайып болды.

* * *

Тас едені — сыз, тас қабырғасы — мұз түрменің іші. Таңертеңгілік қара сұлбамен әңгімеден кейін Соня түрмеге тіксініп кірді. Бойында бір үркініш бар.

Ала көлеңке дәлізбен өз бөлмесіне өтті. Жартылай жер астына батып тұрған жертөле бөлмесі де ала көлеңке. Кішірек темір торлы терезеден күн сәулесі де жарытып түсе қоймайды. Соня еріксіз жарық жақты.

Құзғын сәріден келген қара сұлбаның кесірінен жұмысына да кешігіп жетті. Бұл түрмеші болып істегелі қай заман?! Қара сұлба айтқандай, “генерал әкесінің” ұйғаруымен Ішкі істер мектебін он тоғыз жасында бітіріп, түрме табалдырығын аттады. Содан бері де қырық жылдай уақыт өтіпті. Тас түрме де мұның бетон баспанасындай бір үйіне айналған.

Тап бүгінге дейін тас түрме жанына жақын тартып тұратын. Қара сұлбаның әңгімесі жүрегін жасытып, тәнін тіксінтіп, санасын суытып кетті. Қызметі қанша ауыр болса да ет жүрегі беріштеніп, еті өліп кеткен жан еді, бірақ қара сұлба жайбарақат жан дүниесін астан-кестен қылды. Қанша дегенмен, ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, жаны лайланып сала берді.

Қара сұлба мұның есімін “Ақсәуле” деді, “Серафима” есімін атамады да. Ал сонда өзі кім болды екен? Мейлі. Кім болса — ол болсын! Бұл үшін “Қара сұлба”. Қара киінген, ақ жүзді елес. Елес-сұлба.

Кенет түрме іші байланысының телефоны шар ете қалды. Соня дір етті. Өзінің қарадай шошымалды күйіне күйінді. Телефон тұтқасын жұлқа көтерді.

— Жолдас майор, амансыз ба?

— Сау-саламатсыз ба?

— Ауырып қалдыңыз ба деп қорқып едім!

— Жоқ. Бір жағдаймен кешігіп...

— Жайшылық па?!

— Жай. Болмашы нәрсе...

— Жақсы! Мүмкін бүгін қоя тұрарсыз! Көңіл күйіңіз болмаса...

— Жоқ. Сол уақытқа белгілей беріңіз: 10.30-ға.

— “Іспен” таныссыз ғой, ол бір хайуан: бір үйлі жанды қырып салған... Уақыт та тақап қалыпты. Конвойларға қазір айтам. Сау болыңыз!

— Сау болыңыз!

Тұтқаны ұясына қондырды. Қол сағатына қарады.

Елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған Соняның денесі де зіл-батпан тартыпты. Орнынан ауыр қозғалып, бұрышта тұрған темір сейфті ашып, ішінде қаз-қатар тізілген бес бірдей тапаншаға қол созды. Бес қаруы бес түрлі еді. Бұл жолы “Макаров” пистолетін таңдады. Оқшантайын шығарып, оқтарын тексерді. Сейфті жауып, тапаншаны жалпақ белдігіндегі былғары қорабына салды. Сол бетінде дәлізге шықты. Өз бөлмесінің есігін кілтпен бұрады.

Ұзын дәліз күңгірт қалпы. Аласалау төбедегі боялған жарықтар да күңгірт. Соня ұзын дәліздің қара көлеңке тартып, көрінбей тұрған түкпіріне қарай қозғалды. Өз жүрегінің дүрсілін ғана естіді. Түрменің бұл жертөле қабаты бос әрі тып-тыныш еді.

Қара көлеңке дәлізде өзі ғана келеді. Ет жүрегінің дүрсілін өзі ғана естиді. Осы күңгірт дәлізде он тоғыз жасынан бері өз жүрегінің дүрсілін тыңдап келеді. Он тоғыз жасынан бері қара көлеңке дәлізде қара сұлба боп жүріп келеді.

Құдай-ау, мұның өз басы да құзғын сәріден келген қара сұлбадан айырмашылығы жоқ екен-ау?! Ол да, бұл да “Қара сұлба” екен. Сол қара сұлбаны бұл өмір бойы елегізіп күтті емес пе?! Иә-иә, күтті. Әйтеуір біреу есігін ертемен қағып, кіріп келетіндей боп тұратын. Ақыры келді. Қара сұлба боп келді. Ғұмыр бойы күткені де өлмелі бір шал боп шықты. Бұған енді не дауа?!

Бұл тар дәліз түкпіріне де жетіпті. Әлдебір темір есікті темір кілттерін сылдыратып ашты. Ар жағынан дыбыс естілместей етіп киізбен қапталған ауыр емен есіктің де кілтін салды. Әжептәуір бөлмеге кіріп, күңгірт жарығын жақты. Екі есікті де кілтпен мұқият жапты.

Сағатына қарап еді, он жарым боп қалыпты. Қарсы қабырғадағы алақандай-алақандай қос “үкі”1 темір қақпақшаға барып, Соня бірінің бетін айналдыра ашты. Әлгі темір қақпақша жапқан “үкі” көзінен күңгірттеу сәуле көрінді. Соня қос темір қақпақшаның тап ортасына орналасқан қап-қара түймені бармағымен басты. Өзі тұрған бөлменің күңгірт жарығы өшті де, ал алақанның жартысындай “үкі” тесіктен күлгін сәуле құйылды.

Күлгін сәуле себездеген “үкіге” үңілді. Күлгін түсті күңгірт бөлменің қақ ортасында қарайып, теріс қарап біреу отыр. Бұған бұрыннан таныс көрініс: таныс бөлме, таныс шүйде, темір сирағы бетон еденге сіңірілген орындықтың арнайы жасалған темір құлақшасына кісенделген екі қол... Күлгін түсті күңгірттеу бөлмеде ту сыртын берген тақыр бас адам да қара киініпті. Ол да қара сұлба тартыпты.

Соня қолына тапаншасын алды. Ойланып жатпастан “үкіге” ұңғысын сұға бере басып-басып-басып қалды. Машықты қол мен мерген көз мүлт кетпеді. Жез аралас мырыш оқ қара сұлбаны жазбай тапты.

Қара сұлба күңгірт бөлмеде қиық айдай имиіп, мықыр мойны сылқ етіп, тақыр басы салбырады да қалды...

* * *

Қала ішін де жалғызілікті әйел көңіліндей қарасуық жайлаған. Қара күздің ызғары қарыған бақ ішін ұзақ аралап, сызды ауасын сіміре жұтып, кештетіп келсе де, үйге сыймай-ақ қойды. Тәбеті де ештеңеге тартпады. Ерте жатып қалды. Қарадай қалжырағанына да налыды.

Қара сұлбаны қарғыс атсын!..

Орнықты ойын ойран-топан еткен, суық ақылын айран-асыр қылған қара сұлба кінәлі... Бәрі-бәрі-бәріне! Өзінің де өмір бойы елегізе күткені сол қара сұлба емес пе бірақ. Сол-сол. Соның дәп өзі. Иә-ә-ә! Біреуді, біреу емес-ау, әлде бір ер адамды күтетін. Ол күткені — қаусаған қарт — қара сұлба боп шықты.

Табиғатынан мінезі ауыр еді. Тәңірі солай жаратқан да. Ал әлгі қара сұлба “әкең сондай сабаз жан” деп кетті. О да рас шығар!.. Өзінің тұрмысқа шықпай қалғанын да ауыр мінезі мен етженді өңсіздігінен көруші еді. Сонда да үмітін үзбейтін. Біреу болмаса — біреу көз салар деп, тіпті жалғыз өзі үйде елегізіген сәтте әлдекім кіріп келетіндей көрінетін. Енді ше? Бұл да заты — әйел... Қара жамылған жері жоқ. Қанша қара сұлба атаулыға алақандай тесік жапсардан оқ атып келсе де, енді біреулерге тас жүрек боп көрінсе де, бұл да пенде емес пе?! Десе де қырықтан кейін бойындағы құтырынған жыландарының жыны басылып, жалғыздығына мойынсұнған. Еру-қаруы жоқ еркек тектеніп кеткен еді.

Соня сол жамбасына аунап түсті. Кірпігі айқаспай қойды. Түн ішінде ойды ой қуалап, жанын жай таптырмады.

Өткендегі қара сұлбаның әңгімесінен соң тірі әкесіне секем ала қарап, “Ризахмет Долдаев” дегенді Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне барып, архивінен сұрау салғызып тексерген. Комитеттің бір адамы арнайы қасында отырып, “Долдаев ісінің” автобиографиялық жақтарын, үкімін оқытқан. Қара киімді қара сұлбаның сандырағы рас боп шыққан. Бұл тілін тістеп кері қайтқан.

Қазір түннің бір уағы болды. Соня ұйқысыздықтан жүйкесі сыр беріп, қарадай қасірет шегіп жатыр. Қара сұлбаға қатулы, өлі әкесіне күйінулі, тірі әкесіне кектенулі... Ал қараңғы түрмедегі қаталдық та қызметі... бәрінен бұрын мұңсыз міндеті! Мұның қолы қалт етпестен, көзі мүлт кетпестен жазалаған олар — қызыл көз қасапшылар: кісі өлтірген, сәби зорлаған... Ондайдан мұның ары — таза! Оған салқын санамен орныққан сенімі кәміл.

Әлден уақта көзі ілініп кетті. Қала да қалың ұйқыда.

Соняның жаны жай тапқандай болып, ұйқыға ден қойып еді, бір жағынан келіп түс килікті. Тәтті түс... Бұл өмірдегі ең бір жазықсыз, жанына жайлы осы түс қана.

...Айдала. Бұл қалықтай ұшып келеді. Алдынан қала шықты. Өзінің туған қаласы. Әлдебір көп қабатты, көп пәтерлі үйдің ауласы. Аулада қазан-ошақ көтерілген. Бұл қазан-ошаққа таңырқай қарайды... Ақ орамал басына тартқан әйел қазанға бауырсақ пісіріп отыр. Өңді әйел. Мұның шешесі екен. Бұған күлімдей қарайды.

Әлгі үш қабатты биік үй жақтан әлдебір ер адам көрінді. Ол жақындап келді. Бір қырындап тұр. Орта бойлы қыр мұрынды. Әкесі екен... дейді. Жүзін бірақ түгел көрсетпейді. Шешесі секілді күлмейді. Бір қырындаған қалпын бұзбайды. Бұл қай әкесі екенін айыра алмайды.

Әкесіне қарай жүрсе, ол кенет теріс бұрылып, ту сыртын берді. Ту сыртынан бұған таныс “Қара сұлба” боп көрінді. Қара сұлбаға айналған әкесінің бұған бұрылғысы жоқ. Жамалын жасырған күйі көк желкесін тосқан. Тас түрмеде тесік жапсардан көрінетін таныс мойын, таныс бас, таныс шүйде... Ал бейшара шешесі әлде не деп бәйек?!

Бұл:

— Әке! — деп айқай салды...

Өз дауысынан өзі оянып кетті.

Таң сібірлепті. Түс ғайып болыпты. Ақшыл перде көгілдір тартып, өз-өзінен қозғалып тұр екен... Төбесінен тас құласа да тырс етпейтін жан еді, қойнынан қара жылан өргендей атып тұрды. Поезд доңғалағының дүрсіліндей жүрегінің мазасыз соғысын естіді. Қара көлеңке түрме дәлізінде жалғыз келе жатқанда өзі ғана еститін дүрсіл. Тынымсыз дүрсіл бойын алып барады.

Дереу ас үйге қарай ұмтылды. Сүріне-қабына жетіп су ішті.

...Әлден уақытта кешегі қара сұлба секілді қап-қара боп киінген Серафима үйінен сусып шыға жөнелді. Асыққаннан есігін де бекітпеді. Ол әлдебір қияметті іске бел буған сыңайлы. Қалтасындағы тапаншаның салқын құндағын қолымен қысып-қысып қояды.

25.10.2018
Вернуться назад