DataLife Engine / Қазақша өлең: Ұлмекен Лесбекова (Әр өлең – бір дұға)

Қазақша өлең: Ұлмекен Лесбекова (Әр өлең – бір дұға)

Бір өлең жаз, жаным, жүрекпен,
Жаз, жаным, аршылып.
Сезімнен кешегі бір еккен,
Көктесін тал-шыбық.

Сімірсін сусындап көк пен жер,
Бір жақсы дұға ет.
Гүлденсін, түрленсін көк пен бел,
Сейілсін бұла кек.

Ақ самал алдымнан уілдеп,
Бір дұға еседі.
Бұралаң баурыңа бүйірлеп,
Орнықпақ деседі.

Ақ өлең жолдансын әлемге,
Жасасын, игілік.
Салынсын сазды бір әуенге,
Билесін илігіп.

Аналар әлдилеп ән салса,
Толысқан жыл-айы.
Жүректен жүрекке арналса,
Ол – бақыт шынайы.

Жүргенше алыстан ынтыға,
Ғашықтар қосылсын.
Әр өлең, шынында, бір дұға,
Дұғалар оқылсын.
27.03.2018
Вернуться назад