DataLife Engine / Батырлар жыры

Батырлар жыры

Мақсаты: Білімділік: Батырлар жырының мазмұны мен идеясын игерте отырып, жырды талдау арқылы жан-жақты ашу, меңгерту. Тақырып бойынша білімдерін жүйеге келтіріп пысықтау, тиянақтау.
Тәрбиелік: Оқушыларды адамгершілікке, батырлыққа тән қасиеттерге баулу. Өз отанын,туған елін сүйіп, қазақтың тарихи тұлғаларын біліп, құрметтеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық: батырларға тән қасиеттерді талдата отырып, оқушылардың ойлау қабілеті мен танымдық қабілеттерін дамыту, ой түйіндеуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге жұмылдыру
Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: әңгімелеу , сұрақ –жауап, талдау, сөйлесу, іздендіру, дәлелдеу
Көрнекілік: анимациялық слайдтар, батырлар жыры
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих, география, халықтық педагогика, ән-әуез
Барысы:
І . Ұйымдастыру. ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. ІІІ. Жаңа сабақ
Үй тапсырмасын тексеру «Өзің жетпеген жерге сөзің жетеді»дей келе үйге берілген тапсырмаға тоқталайық.
Сұрақ – жауап:
1. Ауыз әдебиетінің негізгі түрлерін атаңыздар.
2. Аңыз әңгімелер және оның ерекшеліктерін атаңыздар.
3. Аңыз әңгімелердің шығу себебі неде деп ойлайсыздар?
4. Аңыз әңгімеге арқау болған кімдерді білесіздер?
5. Үш топ өздері дайындап әкелген көріністерін назарларыңызға ұсынады, мұқият қарап отырып әділ бағалаңыздар.
І топ. Қожа Насыр ауылы
ІІ топ. Жиренше шешен ауылы
ІІІ топ. Алдаркөсе ауылы.
(Көрініс көрсетуде образды ашу да өнер, мәдениет. Бұл қасиетті меңгере отырып біз жүріп- тұруға, әдептілікке үйренеміз).
Жаңа сабақ. «Батырлар ел қорғаны, ел мақтаны» деген атпен жаңа сабағымызды бастаймыз. Алайда, сабақта бастамас бұрын сіздерге қояр сұрақтарым бар:
1. Ауыз әдебиетінен қандай батырлар есімі естеріңізде сақтаулы?
2. Ел аузында аты аңыз боп тараған Жоңғар шапқыншылығынде ерен ерлік көрсеткен қандай тарихи батырларды білесіңдер?
3. Енді осы ауыз әдебиетінде кездесетін батырлар мен тарихи батырлар арасындағы айырмашылықты айтып бере аласыздар ма?
4. Кеңес дәуірінде Ұлы Отан соғысына қатысқан қандай батырларды білесіздер?
5. Кейінгі толқын, жас батырлардан кімді білесіздер? Олар қандай тарихи оқиғаға қатысты?
«Толқыннан толқын туады» деген айдармен осы аталған батырларға кезеңдеріне қарай жеке -жеке тоқталып кетейік.
Ауыз әдебиеті шығармаларының халыққа көп тарағаны –батырлар жыры. Ол ескі заманнан келе жатқан асыл мұрамыз. Бұл жырларды ақындар шығарса да жазу –сызу болмағандықтан авторлары ұмытылып қалып, халық игіліге айналған. Қай елдің батырлар жырын алсақ та, олардың негізінде тарихи оқиға жатады. Бірақ жырда оқиға болған күйінде суреттелмейді. Тек желісі ғана салынады. Ал ақын ол оқиғаны өз ұғымына, өз көзқарасына қарай бейімдеп жырлайды.
Жырда көбіне өз елін қорғау, елін басқаларға тәуелді етпеу тілегі қамтылады. Құрылысы жағынан батырлар жырының өзіне тән ерекшеліктері бар. Алдымен батыр ескі ұғым бойынша біреудің құдайдан сұрап алған жалғызы болады. Ол үш –төрт жасында алып күштің иесі болып, өзіне серік әйелі мен аты табылып, жасынан –ақ ел қамын, ел пайдасын ойлайды. Кейбір батырлар суға салса батпайды, отқа салса жанбайды. Бұндай әсірелеу арқылы суреттеу тек батырлар жырына тән қасиет.
Батырлар жырында баяндалатын батырлар бейнесі Ер Тарған, Қамбар батыр, Қобыланды, Алпамыстар халқын шын сүйген, елім деп еңіреп өткен ерлерді сомдайды. Бел омыртқасы сынып далаға тасталынған Ер Тарғын ханнан кетсе де, халқынан кетпей сын сағатта ұрысқа араласады, Назым қыздың ағаларына, «Әзімбайдың бес тентегіне», қанша өкпелі болса да Қамбар батыр «Әзімбайдың тентек ұлына ренжіп, жаманның ісін қылмайын» деп атқа қонады. Бұдан біз елін қорғау үшін мұз төсеніп, қар жастанған батыр ұлдардың жаны халқымен бірге екенін білеміз.
Қай дәуірде болсын жерін жаудан арашаламақ болған хас батырлар болған. Оны өздеріңіз кітаптан оқып, теледидардан көріп жүрсіздер. «Қыз Жібек» фильмі мен соңғы түсірілген «Жаужүрек мың бала» фильмін бәріңіз тамашаладыңыздар деп ойлаймын. Ендеше, Төлеген мен Бекежанды, Сартай мен Таймасты салыстырып көріңіздерші.
Батыр болу үшін қандай қасиеттер керек? Топтастыру:

Елін сүю адал


жүректі мейірімді


қамқор өзі үшін емес елі үшін қорқа білуі керек
Ерлік тек ер адамдарға лайық іс емес. Ел намысын қолдан бермеген батыр қыздарымыз қаншама. Солардың бірі -Гаухар батыр.
Ол кезде аштық-тоқтық бәрі малдан,
Мал болса, көшпелі елдің сәні болған.
Тал түсте қойға шапқан бір көкжалды
Өжет қыз үзеңгімен соғып алған.
Осы бір ауыз өлеңнен –ақ Гауһар қыздың батырлығын танимыз. Қалмақтың батырын жекпе- жекте өлтірген батыр қыз, құралайды көзінен атқан мерген де болған.
Гаухардың құдай қосқан жұбайы – Қабанбай батырдың ерлігін тарихтан да естіп жүрсіңдер. Қабанбай ұрысқа 103 рет кірген батыр. Осы Қабанбай мен Гауһардан туған Назым да батыр қыздардың бірі. Үлкен соғыстың бірінде дағдырып қалған елді «Қабанбайлап» ұрысқа бастаған жаужүрек дей келе Бөгенбай, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек туралы қысқаша мағлұмат бере кету. Исатай мен Махамбет ерлігін тілге тиек етіп, Бауыржан мен Әлия-Мәншук ерлігін ойға оралту және 1986 жылы желтоқсан алаңына шыққан жас батырлар ерлігін еске түсіру.
Білгіштер сайысы: Сұрақтарға жауап беру.
Сұрақтарды оқушыларға таратып беру. Жауаптарын күту.
1. Қазақ батырлары немен шұғылданған?
2. Қазақ батырларының қандай міндеттері болған?
3. Қабанбайды ел қалай атаған?
4«Қанжығалы қарт » деп кімді атаған?
5. Бөгенбай батыр қандай адам болған?
6. Шақшақ Жәнібек туралы не айтасыз
7. Қазақ батырларының бар өмірі қайда өткен?
Топпен жұмыс:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас...
...Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі, -
Ерлерді ұмытса да, ел де ұмытпас
1. Топ тапсырмасы:
“Өмір сүру формасы,өмір үшін күрес ” деген ұғымның мәні неде?
2. Топ тапсырмасы:
Үлкен ұлт болып ұйып, халық болып қалыптасуды көздеген небір ділмар шешендер мен көреген көсемдер ,ел қамы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, астынан ат, қолынан найза түспеген.олар ұлттық ерлік мектебінің негізін қалаушылар... (ойды жалғастыру)
3. Топ тапсырмасы:
«Қырмызыдай құлпырған ару да, мейірім шуағын төккен ана да, ел шетіне жау тисе ...» батыр қыздар бейнесін жасау
Қорытынды: «Батырлар мінбесі»
Оқушыларды бағалау
Үйге тапсырма: Батырлар жырын оқу. Халық ауыз әдебиетін зерттеушілер мен жинақтаушылар туралы қосымша ақпарат біліп келу.


































Астана қаласы № 45 орта мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Мухтарова Гульжайнар Кабдолдиновна



Сабақтың тақырыбы: Д. Исабеков «Ата үміті»
Мақсаты:
1. Повестьтің басты тақырыбы – адамдық белгісі, адалдық екенін таныту; әр кейіпкерге мінездеме бере отырып, басты қаһарманының бейнесін жан – жақты талдау.
2. Оқушы бойындағы адамгершілікті, ізгілікті қалыптастыру; адамгершілік, бақыт бағасы жайында сөз қозғау арқылы тәрбие беру.
3. Өз ойларын еркін әрі жете түсіндіре білуге үйрету; шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Сабақтың әдісі: сұрақ –жауап, талдау, баяндау, сын тұрғысынан ойлау
Көрнекілік: Д.Исабеков туралы слай-презинтация. Кітаптар, сабаққа қажетті жабықтар (кубик, шляпалар, А3 форматты қағаздар)
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру. Оқушылармен амандасу, түгендеу
2.Ой ашар. «Кім шапшаң» ойыны арқылы жүргізіледі. 5 минут.
Қай топ мүшелері әр жұлдызшаның сұрағына дұрыс жауап берсе, сол
ұпайға ие болады. (Жұлдызша алты түрлі түспен боялады, жауап берген бала сол жұлдыз түсімен топқа бөлінеді.
Д. Исабеков қай жылы туған?
Д. Исабеков қай жерде дүниеге келген?
Жазушы шығармалары қандай тілдерге аударылған?
Жазушының қандай туындыларын білесіңдер?
Д.Исабеков редакторлық ететін журналдың атауы?
Дермене деген қандай шөп?
Оқушылар осы сұрақтарға жауап беруі арқылы топқа бөлінеді.
«Кубизм» әдісі арқылы үй тапсырмасын сұрау. 10 минут
I. Суреттеңіз. Тоқсанбай қарт пен Ергеш келген жаңа жердің табиғатын суреттеу
II. Салыстырыңыз. Омаш пен қарт бойындағы адамгершілік қасиеттерді салыстыру
III. Зерттеңіз. Ауыл шаруашылығына қатысты кәсібі сөздерді тауып, мағынасын түсіндіру
IV. Қолданыңыз. «Немене, өті жарылып кетер деп тұрсыз ба? Әлде мен адам емес, аюмын ба? Қашанғы оны алақанға салып әлпештей бересіз?...» үзінді қай оқиғадан алынды?
V. Дәлелдеңіз. Омаш бойында «обал, сауап» дейтін қасиеттердің жоқтығын дәлелдеу.
VІ Сипаттаңыз. Ақша алу пунктіне келгендегі қарттың өз- өзімен сөйлесу сәті. Тоқсанбай қарт бейнесін сомдау.
Жаңа сабақ: Д. Исабеков «Ата үміті» шығарма кейіпкерлері. 15 минут
Ақ қалпақтылар: ақпараттық фактілер (Дермене не үшін қажет. Омаш, Ергеш атасымен қанша дермене орып тапсырды, адам басына қанша теңгеден ақша есептелді)
Қызыл қалпақтылар: Тоқсанбай қарт пен Ергешке мінездеме.
Сары қалпақтылар: Арамдықты, дүниеқоңыздықты адамдық пен адалдықтың жеңуі
Қара қалпақтылар: Жағымсыз кейіпкер Омаш туралы
Жасыл қалпақтылар: «Адамгершілікті мен қалай түсінемін?» шағын ойтолғау
Көк қалпақтылар: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» осы әңгімеден нені түйдім?
Жарнамалау. Оқушылар өз жұмыстарын топ алдында қорғайды.
Үзіліс. Білемін, білдім, білгім келеді торларын толтыру.
Қорытындылау. «Ата үмітін ақтайық!» Әркімнің өз атасы өзіне үлгі болмақ. Өйткені ата өмірдің үлкен жолын жүріп отырып жамандықты да, жақсылықты да көп көріп, өз ұрпағына шын жанашыр үлгі беретін адам. Осы тұрғыда сыныбымыздың жамс ақыны Сейіт Айжан атасы жазушы, ақын, этнограф Сейіт Кенжеахметұлына арнаған өлеңін оқып берсе.
«Атасы бардың бар, -дейді, -батасы да»
Еліктемес бала жоқ атасына.
Ата деген ұлы үлгі баласына.
Бала арманы бөлену батасына.
Ата жолын ардақтайын сақтайын,
Бар ынтаммен ата үмітін ақтайын.
Мен атамды жиі керем түсімде,
Мен атамды сағынамын сәт сайын.
Жетегінде атам артқан сенімнің,
Көрсетілсін өзгелерге мол үлгім.
Мен атаммен мақтанамын қашанда,
Атам менің мақтанышы елімнің...
Оқушыларды бағалау.
Үйге тапсырма. 1. «Омашпен танысу», 2.«Омаштан бөліну ниет», 3.«Касса қызметкерімен Тоқсанбай қарт әңгімесі», 4. «Омаштың өтірігі», 5. «Қарттың Омашпен қоштасу сәті», 6. «Тоқсанбай қарт монологы» (6 топқа тапсырма)






Астана – 2014ж



















Сабақтың тақырыбы: І. Жансүгіров «Құлагер» поэмасы
Мақсаты: Көркем туындының мазмұны мен тақырыбын жан – жақты талдап, түсіндіру, оқушыларға автор өмірінен мәлімет беру.
2. Оқушылардың эстетикалық сезіміне әсер ете отырып,туған жерге, төл әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру, кейіпкерлер іс- әрекетін үлгі ете отырып адамершілікке тәрбиелеу.
3. Өтілген материялды тиянақты меңгеруге, жүйелі ойлау, ойын әсерлі жеткізуге,шығармашылық ізденістерін арттыруға ықпал жасау, сөздік қорын молайтып, топ алдында дұрыс сөйлеу техникасын қалыптастыру.
I.Ұйымдастыру. 1.Сәлемдесу.
2. Танысу.
3. Түгелдеу.
II.Жаңа сабақ.
I.Индукция. Астана қаласының көркем ескерткіштерін көрсете отырып, «Құлагер» ескерткішін назарларына ұсыну. Осы ерсерткіш туралы балалардан білетін мәліметтерін ортаға салғызу.
Өздерін баяндағандай Құлагер тақырыбында қалам тартқан қанша ақын – жазушылар бар. Солардың біреуі емес бірегейі І. Жансүгіров жазған «Құлагер» поэмасы. Аса таланты дарын иесі І. Жансүгіров бар жанрда қалам тартып, ұлы ақын екенін дәлелдеп кеткен. М.Әуезов І. Жансүгіров туралы «Ілияс Жансүгіровтың ірі «Құлагер», «Дала», «Күйші» деген үш поэмасы бар. Осы үш поэмасы Абайдан кейінгі поэзияда аса биік ірі сапа болып табады... Оның «Құлагер» поэмасы – өленмен жазылған роман» деген. Біз бүгін ақынның «Құлагер» поэмасымен танысып, талдаймыз.
Сабаққа қатысып отырған тарих пәнінің мұғаліміне сөз берейік. Сіздерге Құлагер жүйрік туралы, Ақан елі мен Сағынай асы туралы тарихшы маман Рсмағанбетова Сая Мұханбетияровна қысқаша баяндап берсе.
Балалар, «Құлагер» поэмасының шығу тарихыммен таныстыңыздар. Поэманың «Туған жер» тарауына тоқталайық. Поэмадан үзінді оқып, сөз кезегін география пәнінің мұғалімі Досимова Мәншүк Серікқызына кезек берейік. (Мұғалім слайд арқылы Көкше табиғатына тоқталып, жер қыртысы мен орман- суларымен таныстырады.
Келесі қонағымыз дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Серікжан ат спорты туралы, аттың күтімі мен атбегілік туралы қысқаша айтып береді. Күреңбай сыншының ат бабы туралы сөзін жеткізеді.
Деконструкция. Топтау.

Жүйрік қанатты пырақ

Желмен жарысқан Төзімді
Аузымен құс тістеген

Реконструкция.
Қазақта «Құлагер» деп атты айтады.
«Серінің серігі еді» деп те айтады.
«Ат сыры иесіне мәлім» деп жұрт,
Тегінде мал көрмесе нені айтады?
Дәптерлеріне қысқаша поэма туралы, Құлагер туралы, Көкше жері туралы жазу.
Әлеуметтендіру.
Поэмамен таныстық, шығу тарихын білдік. Құлагердің иесі Ақан Сері мен Көкше жері туралы біраз мәлімет алдық. Ал, енді өздерің ойлаңдаршы, тарихта аты қалған, жүйрік, өздерің айтқандай аузымен құс тістеген пырақтың түбіне не жетті?
ВЕНН диаграммасы
Асыл қасиет Жаман қасиет








Синвейн құрастыру.
Қажетті сөздер: пырақ, ақын, туған жер.
Жарнамалау. Оқушылар топ бойынша жасаған жұмыстарын басқа балалар алдында қорғайды.
Үзіліс.
Білемін, білдім, білгім келеді таблицасын толтырады.
Рефлексия. «Ақын мінбесі»
Оқушыларды бағалау парағын тексеріп, бағалау.
Үйге тапсырма Эссе жазу. «Ақынға қанат болған– Құлагер»


Астана қаласы № 45 орта мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Мухтарова Гульжайнар Кабдолдиновна



Жүсіп Баласағұни. «Құтты Білік»
Мақсаты:
1. Жүсіп Баласағұн шығармашылығымен терең таныстырып, ғұламаның «Даналық дастанынының» идеялық мұратын шығармаға сүйене отырып ашу, Баласағұн идеясының өміршеңдігін таныту.
2. Ғұламаның өмірлік ұстанған прициптері мен мұраты болашақ қамын ойлаудан туған дүние екеніне тоқтала келіп, болашақ алдындағы борышты сезінуге, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.
3. Шығарманың эстетикалық, идеялық мәнін түсіне білуге, өзіндік талдау жасай отырып, шапшаң шешім қабылдауға, тапқырлық танытуға, ойын әдеби тілмен өрнектей білуге жетілдіру.
Сабақтың түрі: аралас сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілі: әңгімелеу, талдау, баяндау, мәнерлеп оқу, топтық жұмыс.
Сабақтың көрнекілігі: Жүсіп Баласағұн нақыл сөздері.. Интерактивті тақта.
Пәнаралық байланыс: тіл, әдебиет, тарихы.
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі:
1.Оқушылармен сәлемдесу.
Оқушылармен сәлемдесіп бір-біріне тілек айтқызу арқылы сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру.
2. Топқа бөлу (жеті жұлдыз)
3.Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.
ІІ.Үй тапсырмасын тексеру: Ж. Баласағұн өмірі
1. Жүсіп Баласағұнның шын аты кім? (Жүсуф Хас-Ходжиб)
2. Қай жерде дүниеге келген? Баласағұн қаласы Қазақстанның қай жерінде орналасқан болатын? (Шу бойында)
3. Қай мемлекетте өмір сүрген (Қарахан мемлекеті)
4. Бізге қай мұрасы жеткен?
5. Бұл дастанды неше жыл жинақтаған? ( 30 жыл)
6. Неше айда жазып шыққан, қай жылы? (18 айда жазып шықты. Хиджраның 462 жылы немесе 1069 жылы )
7. Қай жылдары өмір сүрген? (ХІ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, 70 жылдарға дейін өмір сүрген)
ІІІ.Жаңа тақырып. «Құтты білік» дастаны. Жүсіп Баласағұн.
Топпен жұмыс. Топтарға алдын – ала дайындалған мәтіндер таратылады. Жүсіп Баласағұн ойын өз тілдерінде түсіндіріп талдау.
Бірінші топ. Құтты білік – барлық түркі халықтарына ортақ орта ғасырлық зор туынды. Оның жалпы көлемі 13 мың жол. Кітапты жазған білімді, парасатты Баласағұнда туған ер. Бұл кітапты Қашқарда аяқтап, ханның ханы Бограханға сыйға тартқан. Сол үшін де «Хас – Хаджиб» атаққа ие болған (басшы, кеңесші, ақылшы). Қытай мен Үндінің ғалымдары осы күнге шейін Шығыста, Түркістан жерінде бограханидтер тілінде еш адам шығармаған туынды дейді. «Құтты Білік» әр елде әр түрлі атаумен айтылады. Қытайда «Мемлекет иелерінің даналық ережесі», Үндіде «Жайлы басшылық кітабы», парсылар «Бақытқа жеткізетін ғылым» деп атап кеткен.
Екінші топ. «Кітапқа негіз болған төрт асыл қасиеттер: біріншісі – ғаділеттілік, екіншісі - бақыт, үшіншісі – ақыл, төртіншісі – молшылық. Ғаділеттілікті «Күн» деп атап, басшы еттім, Бақытты «Айтолды деп атап, уәзір дәрежесінде қойдым, Ақылды «Огдулмыш» деп атап, уәзірдің баласы еттім. Молшылықты «Одгурмыш» деп атап уәзірдің інісі қылдым. Осы төрт ер өзара әңгімелеседі, біріне бірі сұрау қояды, жауап береді. Осы төрт ерді бір тұлға ретінде қабылдаған зерек адамның жаны жадырайды, жүрегіне жылу беріледі...»дейді ғұлама. Баласағұндық ғұламаның негізгі пікірі - әділеттілік пен ақыл, ақылды, қарапайым адам басқарған берекелі елді аңсау.
Үшінші топ. Поэма 73 тарауға бөлінеді. Ақын – жырауға сипаттама беретін тарауында ақын авторлық өнерді жоғары бағалайтынын көрсетеді. Ақынның тілін өткір қылышқа теңейді. Ақындарды ел үшін аянбай еңбек еткен адамдардың атын мәңгі сақтайтын, даңқын асыратын өнер иелері деп, ханға олардың өткір сөзіне ренжімей, қошеметтеп, көтермелеп, бағалай біл дейді. Егер табиғатынан патша ақылды болса, ол халқының бақыты, тағдырдың тартқан сыйы.
Төртінші топ: «Құтты Біліктің» білім туралы түсініктері – тамаша. Білім – адам баласының сарқылмас қазынасы. Надандық деген сырқатты ешбір емші жаза алмас, оны тек білімділік қана айықтыра алар. Ақыл – түпсіз құзға бара жатқан адамды аман сақтап қалатын қыл арқан. Ақылың мен білімің ғана өмірде сый, өлгенде құрмет әпереді. Ақыл адамды басқалардан жоғары көтеріп, даңқын асырады.
Бесінші топ: Ақылға мінез сауыт болады. Ақылды адамға байсалдылық керек.
***
Ашу адамды ақылдан айырады
***
Ашу үстіндегі мейірімді адамның өзі – зұлым.
***
Зұлым адам ұзақ өмір сүре алмас,
өзінің зұлымдығы оны жұтар.
***
Зұлым адам бақытты да, қуанышты да білмес,
Тек мейірманды адам ғана дегенге жетер.

Алтыншы топ:
Жастық шақ өмірдің ең жақсы өрнегі.
Шындық пен мейірімділік болсын көргені,
Жастықты мәңгі бермеген,
Ақылсыз ер өтерін оның білмеген.
***
Кәрілік кеп тұр есікке,
Маған жетті, сен де тұрсың есепте.
***
.....Күн санап қайрат кеміп тұр,
Не жаздым саған жастық шақ,
Алпысқа қуып тастардай...

Жетінші топ:
Ұят – жаман ойдың жүгені.
Арзан нәрсе жерде жатар.
Құс қанатсыз ұшпайды.
Сараңдық күш алса, қуаныш азаяр.
Мақтанған тілде мың бәле бар.
Ашу қысса – аузыңды тый.
Қызғаныш қай жерде болса, ұрыс сол жерде.
Рахат іздесең, бейнетінен қорықпа; қуаныш іздесең, қайғысынан қорықпа.
Деконструкция. Алдарындағы мәтін бойынша топтау жұмысын орындату.
Реконструкция. Дәптерлеріне қысқаша дастан туралы мәлімет жазу.
Әлеуметтендіру. Жарнамалау. Оқушылар өз жұмыстарын, топ алдында қорғайды.
Үзіліс.
Білемін, білдім, білгім келеді таблицасын толтырады.
Оқушыларды бағалау.
Үйге тапсырма. Эссе жазу «Бес нәрсеге асық бол адам болам десеңіз» («Құтты Білік» дастаны мазмұнына сүйене отырып жазу)
11.10.2018
Вернуться назад