DataLife Engine / Тарих | Сталинград шайқасы

Тарих | Сталинград шайқасы

Сталинград шайқасы – 2- дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі. Ол қорғаныс (1942 жылы 17 шілде – 18 қараша) және шабуыл (1942 жылы 19 қараша – 1943 жылы 2 ақпан) кезеңдерінен тұрады. 1942 жылдың жазында фашистік Германия мен оның одақтастары Еуропада екінші майданның ашылмауын пайдаланып, кеңес-герман майданының оңтүстік қанатына басты соққы беруді ұйғарды. Олар Қызыл Армияны Орелдің оңтүстігнде талқандап, Донбасс, Дон және Кубань экономика маңызды аудандарын алуды, Кавказ арқылы өтетін жолдарды, Сталинградты басып алуды басты мақсат етіп қойды. Жау 1942 жылдың жазында шабуылға шығып, үлкен табыстарға жетті. Тамыздың 23-інде майдан шебі Сталинградқа келіп тірелді. Сталинград бағытында Германия мен оның одақтастарының қару-жарақтың барлық түрімен жақсы жарақталған, 6 далалық армиядан құралған 14 дивизиясы тұрды. Қаланы Қызыл Армияның 62-(қолбасшысы – ген.-лейтенант В.И. Чуйков) және 64- (қолбасшысы – генерал-майор М.С. Шумилов) армияларының бөлімдері қорғады. Қаланы қорғауға шұғыл түрде жұмысшы және халық жасақтары, тылдағы бөлімдер ұйымдастырылды. 1942 жылы 25 тамызда неміс әскерлері батыс жақтан Сталинград түбіне жетті. Сталинград майданы құрылып, қалаға тың күштер жіберілді. Қалаға жақын жерлерде қорғаныс шептері салынды. Бұл майданның ерекше маңызын ескеріп, Мемл. Қорғаныс к-ті 12 тамызда Бас штаб бастығы ген.-полковник А.М. Василевскийді, 29 тамызда армия ген. Г.К. Жуковты көмекке жіберді. Гитлершілдер қалаға солт. жағынан ғана емес, оңт. тұстан да басып кірді. Неміс-фашист әскерлері қаланы шабуылмен алмақ болып, қатарынан төрт рет әрекет жасады. Кеңес әскерлері қыркүйектің басында екі рет қарсы шабуылға шықты, бұл қаланы қорғаушылардың жағдайын едәуір жеңілдетті. Жау әскері үлкен шығынға ұшырағанына қарамастан 13 – 15 қыркүйекте Волга (Еділ) шебінде шабуылды қайта үдетті. Қыркүйектің 15-іне қараған түнде қорғаушылар жағдайының нашарлағаны соншалық, әрбір үй қамалға айналып, оның әр қабаты үшін табанды күрес жүрді. 28 қыркүйекте Сталинград майданы – Дон (қолбасшысы генерал-лейтенант К.К. Рокоссовский) және Оңтүстік-Шығыс майданы (қолбасшысы ген.-полковник А.И. Еременко) болып бөлінді. Сталинградтықтар ерлікпен күресті. Кеңес әскерлерінің стратег. қорғаныс операциялары барысында 1942 жылы шілде мен қараша аралығында жау 700 мыңдай адамынан, 1 мыңнан аса танкісінен, 2 мыңнан аса зеңбірегі мен минометінен, 1400 әскери және тасымал ұшақтарынан айрылды. Нәтижесінде жаудың бұл бағыттағы шабуылы тоқтатылды. Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталды. Ол үш операциямен іске асырылды: “Уран” – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу; “Кіші Сатурн” – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау; “Шеңбер” – Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандау. Бұл міндеттерді іске асыру Оңтүстік-Батыс майдан (қолбасшысы генерал-лейтенант Н.Ф. Ватутин), Дон майданы (қолбасшысы генерал-лейтенант Рокоссовский) және Сталинград майданы (қолбасшысы генерал-полковник Еременко) әскерлеріне тапсырылды. Шабуылдың бесінші күнінде Оңтүстік-Батыс және Сталинград майдандарының алдыңғы шептегі бөлімшелері қосылды. Неміс әскерлерінің 300 мыңнан астам елеулі тобы қоршауда қалды. Қоршауға түскен әскерлерді сырттан соққы беру арқылы одан босатуға ұмтылған гитлерлік командование генерал-фельдмаршал Э.Манштейннің басшылығымен “Дон” армиясы тобын құрды, ол Сталинград тобына бұзып өтуді бастады. Манштейнге қарсы Ставка генерал-майор Р.Я. Малиновскийдің 2-гвардия армиясын бұрды. Оңтүстік -Батыс және Сталинград майдандарының ойдағыдай әрекет жасауы нәтижесінде 6 және 4-неміс танк армиясы, 3 және 4-румын, 8-итальян армиялары талқандалды. Солтүстік Кавказда әрекет етуші неміс-фашист әскерлерінің тылына, Ростовқа шабуыл жасауға жағдай туды. 1943 жылы 10 қаңтарда Рокоссовскийдің қолбасшылығымен кеңес әскерлері дұшпанның Сталинград түбінде қоршауда қалған тобын жоюға кірісті. Қоршауда қалғандарға үздіксіз қызмет ететін әуе көпірін ұйымдастырмақ болған әрекеттерін кеңес авиациясы іске асырмай тастады. 1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Осы зор шайқас 200 күн мен түнге созылды. Жау өлгені, жараланғаны, тұтқындалғаны, хабарсыз кеткендері бар 1,5 млн-ға жуық солдат пен офицерінен, ал Қызыл Армия 1 млн. 130 мыңға жуық адамынан айрылды. Оған қосымша фашистер 32-дивизиясынан және 3-бригадасынан айрылып, 16-дивизиясы ауыр соққыға ұшырады. Сталинград шайқасы 2-дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады. Неміс-фашист әскерлерінің Сталинград түбіндегі жеңілісі неміс халқына моральдық-саяси жағынан қатты әсер етті. Германия одақтастарының шығыс майданында соғысқа деген ықыластары болмады. Сталинград түбінде Венгрия, Италия және Румыния әскерлерінің жойылуы бұларға өте қатты әсер етті. Италия мен Венгрия соғыстан шығу жолдарын ойластырды. Түркия бейтараптылығын сақтап қалды. Жапония Кеңес Одағына шабуыл жасауды кейінге қалдырды. 1942 – 43 ж. антигитлерлік коалицияның құрамы өсіп, жау басып алған елдерде Қарсыласу қозғалысы күшейді.Қазақстан Сталинград майданының ең жақын тылы болды. Батыс Қазақстан станциялары мен елді мекендерінің кең көлемді бөлігі соғыс қимылдарының аумағына тартылды. 1942 ж. 1 қыркүйекте Атырау қорғаныс көтерісті құрылды. 15 қыркүйекте облыстың мемл. қорғаныс к-ті соғыс жағдайын енгізді. Сталинград майданы әскери кеңесінің нұсқауы бойынша 1942 жылы 16 қазанда Орал майдан өңіріне, ал 10 күннен кейін КСРО ХКК-нің арнаулы қаулысымен әуе шабуылынан қорғану пункттерінің қатарына енгізілді. Чапаев, Ушаков, Тайпақ, Зеленов аудандарында 10 әуежай салынды. Ақтөбе облысының Байғанин, Жұрын, Шалқар, Ключев аудандарында қорғаныс құрылыстары іске қосылды. Сталинград түбінде қарсы шабуылды әзірлеу кезеңінде майданның тыл қызметі 600 км ішкері орналасты. Сайхан, Жәнібек және Шұңғай станцияларында авиация бөлімдерінен басқа 1-танк армиясы мен 57-армияның қоймалары орналасты. Орал қаласында ірі әскери-оперативтік байланыс торабы құрылды. Атыраудан бастап, Жайық өзен бойлай Сталинградтан әкелінген “Волготанкер” кемелері, Каспий және Еділ флотилияларының әскери катерлері жүзіп жүрді. Жау Қазақстан аспанында 30-ға жуық ұшағынан айрылды. Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған 27, 72 және 73-гв. атқыштар дивизиялары, 292 және 387-атқыштар дивизиялары, 81-атты әскер дивизиясы, 74-теңіз атқыштар бригадасы, 152-атқыштар бригадасы, 129-миномет полкі және 156-жеке көпір құрылысы батальоны қатысты. Даңқты 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болды. 64-армияның құрамындағы қазақстандық 29, 38-атқыштар дивизиясы сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаїармандығы үшін 72, 73 гв. атқыштар дивизиясы атанды, 73-гв. атқыштар дивизиясына “Сталинградтық” құрметті атағы қоса берілді. 1942 ж. 22 желтоқсанда “Сталинградты қорғағаны үшін” медалі тағайындалып, онымен 750 мың солдат пен офицер марапатталды. 112 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

09.10.2018
Вернуться назад