DataLife Engine / Махамбет Өтемісұлы (Ұл туса)

Махамбет Өтемісұлы (Ұл туса)

Күн қақты ердің астында
Көп жүгіретін күлік бар.
Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар.
Қарайғанның, жігіттер,
Бәрін кісі демеңіз -
Күпе-күндіз тайраңдап,
Түзге шықпас ерлер бар.
Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас.
Ордалыға көз салсаң,
Оғы қалса жоғалмас.
Топтан озған тарлан боз,
Тұрасынан айрылса,
Тасты басып тұра алмас.
Асылдан болат ұл туса,
Екі жақ болып тұрғанда,
Егескен жерде шарт кетер,
Жауырынынан өтін алса да
Жамандарға жалынбас!
Туған ұлдан не пайда?
Алтын тақты хандардың
Хандығынан не пайда,
Қаріп пенен қасірге
Туралық ісі болмаса?
Алаштың байлығынан не пайда,
Құланнан басқа ел таппай,
Қонарына жер таппай,
Маңқиған сары даладан
Екіндіде құлаған
Тарығып келген ерлерге
Қайыры оның болмаса?
Ақ жұмыртқа, сары уыз,
Әлпештеп қолда өсірген
Туған ұлдан не пайда,
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса?!
10.09.2013
Вернуться назад