DataLife Engine / Мерген Тоқсанбай (Мен келдім...)

Мерген Тоқсанбай (Мен келдім...)

Мен келдім тағы да алдыңа,
Көктем боп күлімдеп дидарым.
Сен мені сағынып қалдың ба?
Ұмытып қалдың ба?! Беймәлім…

Мінекей, Сен тұрсың алдымда,
Көктем боп күлімдеп дидарың.
Қып-қызыл жүректі ал, мына!
Қып-қызыл раушан ғып сыйладым!

Мен Сенен кеткелі… қаншама
Күнтізбе парағы жыртылды?
Келдім ғой… қанатым талса да,
Еске алып бал шақты былтырғы!

Қанша ай көрмедің? Ал, сана!
Қанша ай көзіңде мұң тұрды?
Кәнекей, қуаншы ән сала,
Ұмытып өкпеңді былтырғы!

Мен келдім Сен үшін ақын боп,
Өлеңмен жолыңа гүл себер!
Махаббат, сенде алар ақым көп,
Әй, бірақ, мұныма кім сенер?!

Жан қалқа, сезімді жақ үрлеп,
Лаулауға, маздауға мұрша бер!
Ернімнен сүйіп көр жақын кеп,
Көздерің сене алмай тұрса егер!
05.05.2017
Вернуться назад