DataLife Engine / Баубек Бердіжар Ералыұлы (Отыз жыл)

Баубек Бердіжар Ералыұлы (Отыз жыл)

Мына мұңым дос боп, қуанышым өгей боп,
Отыз жылым өтті отыз күнге теңдей боп.
Жастығымның бір бөлігі Алатаудай асқақтап,
Бір бөлігі сән бермеді қонағы жоқ төрдей боп.

Армандар да қарша жауып сіңген талай көңілде,
Өлім келмей үміт өшпес мына сылқым өмірде.
Жүрек құшып, мұңмен тулап, қуанышпен қалқыған,
Бұл өмірде шеке қызған асау күндер көп бізде.

Тарихтарға куә болған түз далаға телміріп,
Өткен күнге көкпар тарттым сағынышпен ентігіп.
Шеке қызған күндерімде елес болған бос арман,
Құшақ жайды-ау, бір кездері кеткен баққа сендіріп.

Алтын күндер аясында тағдырымен жұлысып,
Бозбала жүр қиялдағы ертегіге тырмысып,
Кеудесінен тесіп шыққан жырын салып бәйгеге,
«Ақын» - деген азап өмір жанарынан нұр үзіп.

Атақ-даңқы ғасыр асып санамызда жаңғырған,
Бір уыстай сезім үзді сырға тұнған тағдырдан.
Қара мысық жолын кезіп кетті ме екен білмедім?
Үзім сезім үзеңгілес жүрегінен жаңылған.

Өткел уақыт маңдайына үзік-үзік жол салып,
Бала дәурен тауқыметін мүсін қылып орнатып.
Келешекке үміт жегіп аттандырған жылдар-ай,
Өткен күннен бозбаланың ғұмырымен толғатып.

Отыз жылда мұң мен үміт қатар шапты құламай,
Жастық шақ-ай, өте шықтың менен рұқсат сұрамай.
Уақыт, шіркін, мұңға бөлеп тұрсадағы көңілді,
Үміт оты жүрегіме жылу сыйлап тұрған-ай!...

* * *

Иманың кетпесін жүректен,
Қос әлем бақыты бұл деген.
Ақ ниет кетпесін тілектен,
Ол бір бақ шыңдарда гүлдеген.
Мейірім кетпесін жүзіңнен,
Ізгі ойға себепші қашанда.
Сұм әдет ермесін ізіңнен,
Періштең жаңа бет ашқанда.
Әділдік кетпесін тіліңнен,
Бағалар бақытты қолдағы.
Санаңды суаршы біліммен,
Біз жүрген тірліктің ол мәні.
Тау үміт тіресін төсіңді,
Арманға алқынған алдағы.
Бағала жыр құшқан сөзіңді,
Арзанға өлшенбес салмағы.
Бұл тірлік «сын мекен» жарқыным!...
Ғасырға қонақ боп қонсаңыз.
Өмірдің бағалa бар құнын,
Әрине бағалы болсаңыз...

* * *

Өз басымды алып та жүре алмай,
Айтшы, қалай мен саған лайық болам?...
Адал өмір өзім де сүре алмай,
Тағдырыңа мен қалай жайлы болам?
Бойымдағы міндерді жеңе алмай,
Ойларыңа мен қалай сын айтамын?...
Бір лайықты бағаңды бере алмай?
Жүрегіңді мен қалай жылатайын?
Сен құлпырсаң мен үшін қызғалдақтай,
Самал желдей мен неге тербетпеймін.
Құрғақ уәде сөзіммен құр жалбақтай,
Сеніміңді мен қалай кернетейін?
Иманыма мен берік бола алмай,
Сені қалай сүйреймін Жаратқанға?
Ісімізді мен дұрыс шола алмай,
Жүрсем қайтер бақытқа баратқанда?...
Осы ойлар жадыма келген сәттен,
Қиналамын шешімін таба алмай!...
Аманат қып әкеңіз берген сәттен,
Жүрегіңді өтсем ғой жараламай!...
11.01.2017
Вернуться назад