DataLife Engine / Мұқағали Мақатаев (Жыл өтті)

Мұқағали Мақатаев (Жыл өтті)

Білмеймін, күн өтті ме, жыл өтті ме?
Баяғы байыз таппас жүрек, міне,
Күн, айлар, жылдар өтті дүр етті де,
Бір тамыры болымсыз дір етті де,
Баяғы жүрек қалды.
Жүрек, міне.

Байғұсым ұзатып сап барлығын да
Өзі қалды өзінің хандығында.
Кеуде деген керемет сарайының,
Жаңа жылдық алауын жандыруда.
Жайлап қана ұзатып барлығын да.

Жүрек, міне,
Жан жүрек жүр менімен,
Дүрсілімен, ептеген кірбіңімен,
Түндерімен, беймаза күндерімен.
О, жалғызым!
Жабықпай жүр менімен.

Гүріліндей аспанның дүр етті де,
Жыл өтті.
Жүрек қалды дір етті де.
Күн айға, ай жылдарға ілекті де
Жыл өтті.
Жүрек қалды.
Жүрек, міне!..
05.05.2016
Вернуться назад