DataLife Engine / Саят Әбенов (Елбасыға хат!)

Саят Әбенов (Елбасыға хат!)

Өтінем сізден, қиянат елге жасама,
ҚАЗАҒЫМ мынау қалмасың десек тасада.
Ашулы Алаш ел үшін байтақ жер үшін,
Өзгертіп заңды өкпесін елдің бас, аға!

Жағымпаз жандар айтып жүр жалған ертегі,
Бір кемедеміз бағынар сізге желкені.
Елімнің мынау ертеңі жастар дедіңіз,
Жастардың жерсіз не болмақ сонда ертеңі?

Ұйқым да келмей, асым да тіпті батпайды,
Тек осы ғана басымда жүрген нақ қайғы.
Елімді сақта, жерімді сақта, Елбасы,
Тəңірім сонда жаулардан бізді сақтайды.

Мәңгілік ешкім отырған емес бұл тақта,
(Шыңхысхан ол да берілген ажал, сырқатқа...)
Бабамнан қалған балама қалса құтты жер,
Баламнан қалар кейінгі келер ұрпаққа...

Демеңіз: "мынау шатпағын арнап не деп тұр,"
Түсінген жанға жырымнан ескен жел өткір.
Бүгінгі күннің Бұқары жатыр бүк түсіп,
Қазақтың жері қазаққа ғана керек бұл!

Сыйлықты ғана аңдымау керек ақын құр,
"Ел үшін тусаң еліңе мəңгі жақын жүр."
Суретте оқып отырған қағаз секілді,
Оқылса деймін өлеңмен жазған хатым бұл.

Барамыз қайда?
Алдымда мынау жол түрлі...
Тағдыры жердің көзімді жасқа толтырды!
Бір жақсы хабар сіз жақтан жетсе бір күні,
Жүрекке жазып қоямын мəңгі сол күнді!!
31.08.2016
Вернуться назад