DataLife Engine / Ерлан Ахмет (Боздаққа бұйырған бақ қышқыл)

Ерлан Ахмет (Боздаққа бұйырған бақ қышқыл)

Жылайды жаным, тағдырым артты салмағын,
сүрініп жатсаң, сүйемес, тіпті, сені ешкім.
Заманым – түлкі, тазы боп шала алмадым,
кей сәтте қалып қатардан, кейде теңестім.
Кездер де талай шайнауда қалған бармағым,
жазмышым солай, кінәлі оған емеспін.

Кештірген тайғақ тар жолдан өтіп барамын,
мәңгіріп жүріп, мәңгүдік бола жаздаппын.
Қалыппын білмей таусылғанын да шараның...
Жинадым есті.
Шықпадым шектен.
Тозбаппын.
Сыртымнан көрсең – баласы туған ананың,
сырымды білсең – жанбаған бағы боздақпын.

Басқалар қарап, күледі іштей мысқылдап,
қанына біткен қасиет мәңгі арылмас.
Соларға деген ашудан алау ұшқындап,
амалым жоқта от көзге тұнар жалын жас.
Бұйырған шығар,
боздаққа мендей қышқыл бақ,
өзгеге, сірә, мұндай да «олжа» табылмас.

Шыңғырып айтқан шындықта болмас
шырын бал,
өмірдің білем айналып қайта келмесін.
Тасыған қаны тамырды басар жырым бар,
тірліктен мына күтемін тағы мен несін?
Жазықсыз соққан жүректің мұңын ұғыңдар,
жарасын жанның уақыттың өзі емдесін!
05.10.2016
Вернуться назад