DataLife Engine / Ерлан Ахмет (Шындықтың шырақшысы)

Ерлан Ахмет (Шындықтың шырақшысы)

«Қазақстан» телеарна жобасында
мықтылар түсіп жатты «Дода»-сынға.
Болатхан Тайжан тұрды ұлттың қамын
көксеген көпшіліктің ортасында.

Мінберге шықты-дағы шындықты айтты:
сананы жаулап алған құлдықты айтты.
Қазақтың тілі үшін жан ашытпас,
Қазақтың ішіндегі сұмдықты айтты.

Атасыз сәйгүлігін баптай алмас,
батасыз баба салтын сақтай алмас.
Айтқаны: ділсіз, дінсіз өскен ұрпақ
Ананың аппақ сүтін ақтай алмас.
Діттеген еліміздің мәдениетін,
үптеген тарихы мен әдебиетін.
Болатхан Тайжан жүрді алғы шепте
қауымның қорғаштаған өркениетін.

Елші боп еміренді елдік үшін,
тартысты тәуелсіздік, теңдік үшін.
Кетсе де көз алдынан тым ертерек,
шығармас ел жадынан ерлік ісін.

Бәйгені байтал шауып ала алмайды,
көп қарға бұлбұлдай ән сала алмайды.
Кез-келген, ақиқатты жалаулатқан
Тайжанның Болатханы бола алмайды.
05.10.2016
Вернуться назад