DataLife Engine / Хамит Ерғалиев (Құрманғазы)

Хамит Ерғалиев (Құрманғазы)

Абақтының алдында

Темір тор, биік қамал, қара құлып,
Қояр ма үлкен жанын жара қылып?!
Әне жүр надзиратель сап-сарала,
Иыққа суық қару-жарақ іліп.
Дегендей: «сор-азаптың, өлімдердің
Ғаламат неше түрлі зорын көрдім»,
Алыстан үрей шашып түксиеді
Шетінде қара сұр үй Орынбордың.
Таң атса ағылады ел осыған -
Әркімде бір түйіншек бересі нан.
Қол бұлғап тұтқындарға мен де бейне
Қақпадан қатын, шалға ере шығам.
Шығарда «ғазырайылдар» осындағы
Тінтеді тілдің астын, ұшын-дағы.
Тінтеді бешпетіңнің жамауын да
Беймаза жүрегіңнің тұсындағы.
Одан соң тіміскіден құтыласың;
Жиылған қала, дала жұрты басым
Арбалы, атты, жаяу, түйелінің
Ішіне сен де барып жұтыласың.
Отырсаң,
Аузы-басың бусаң-дағы,
Қолқаңа құйылады қу шаңдағы.
Ал, бірақ, содан халық бір кетпейді
Сан дүркін полицеймен қусаң-дағы.
Бұл маңда түгел алып қыр, беткейді
Жайылған кешке дейін кір кеппейді;
Үрейлі үнсіз кіріп, жылап шығып,
Халықтар түрмесінен бір кетпейді.
Адвокат, шағым-арыз жон асады,
Ал, мұнда арық-тобыр жыласады.
Ағызып ат-тройка өте шықса,
Қоғадай жапырылып жол ашады.
Еркінде Еділ, Жайық ен Оралы,
Қалаға неше залым енер әлі?..
Бірінде экипаждың тұнжырайды
Алтын мен жез киінген генералы.
Бірінде неше түрлі «сері» көрген
Қайтады жесір пері серуеннен,
Күледі ол құйын болып жаралдым деп,
Кейінгі шаңдағымен сені көмген.
Бірінде қанден итке шал ентелеп,
Шошқаның ақ майынан «төлем төлеп»,
Бірінде қара ноғай қазіретті
Зонтикпен отырады көлеңкелеп.
... Барлығын көзбен шолды таң атқалы
Саралқа;
Арқасында тамақтар.
Қарт ана асығады
Құрманды бір
Құшақтап, кұса-шерін таратқалы.
Тотыққан беті күйіп желді күнге,
Бүгілген баяғыдан бел бүгінде;
Қашанғы ақ жаулығы қарқарадай,
Шапанның бір шалғайы белдігінде.
Жүрегін етсе-дағы заң жаралы,
Көзінде жасымаған жан бар әлі;
Тілдесіп, бейғараптан сұрағанға
«Түрменің керек,- дейді,- жандаралы»
Айтып ол аты-жөні, ұлтын әрі,
Ілгері килігеді, ұмтылады;
Терезе тесігіне қолы жетпей,
Ызалы көмейінде үн тұрады.
Дауысы қарлығады, қалтырайды,
Кім одан бұл сағатта хал сұрайды.
Қазыны қапшығымен ұры әкетіп,
Біреуді біреу мұрда қамшылайды.
Әнеки ұры жігіт жалаң аяқ,
Барынды сол алады жоламай-ақ...
Күні жоқ тыныш өткен ұрғызбай-ақ,
Аузынан аққан қанын жаламай-ақ.
Көрсе де неше түрлі сөлекетті,
Демейді ол: «мені мұнда cop әкепті».
Қас пен көз арасында қағып әтіп,
Алқаның азығын да сол әкетті.
Ақ шеше тарс түйіп сұр қабақты,
Ұзатты өз көзімен сұғанақты;
Адамның арын төккен - қайыршы күн,
Қарғысын ана тұрып соған атты.
- Ұры кім? Әр моланы бір ақтарып,
Тонайды өлікті де жырақ барып.
Біреуді біреу жеген заманада
О дағы өз парызын жүр атқарып.
Азап-сор ағыл-тегіл -«көк несібең».
Сұм заман!..
Қасиетті сол несімен?..
Баламды - бақытымды қазір маған
Түрменің іздетеді бөлмесінен.
Кім кепіл періште де қатты ашына,
Ит болып тәңірісін қаппасына?!-
Саралқа осынау бір ойға толып,
Қарады абақтының қақпасына.
Түрмеден шықты бір топ еңіресіп,
Қайғыны ондағымен тең үлесіп.
Сірескен өкі сақшы ортасынан
Ашылды анамызға темір есік.
Айып па жақсылыққа жорып қалса,
Боздаса ботасына жолыққанша?..
Оқушым! Біз осыған ілесейік,
Алда тұр хикаялы жорық қанша!..
19.05.2016
Вернуться назад