DataLife Engine / Үмбетей жырау (Батырың өтті - Бөгенбай)

Үмбетей жырау (Батырың өтті - Бөгенбай)

Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал-қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан,
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласында жайылған,
Мылтық атқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жеріңді
Аң етімен тау қылған,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Асу салған тас бұзып
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп
Бөрлі деген көлінен,
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәулінің өрінен,
Қоныс қылған найманға,
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек -
Ормандай көп Орта жүз,
Сондан шыққан төрт тірек.
Тұғыр болған сол еді
Сіздей төре сұңқарға.
Бәйгелі жерде бақ болған
Сіздей жүйрік тұлпарға.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Келмей тұр аузым айтарға,
Батырың өтті - Бөгенбай!
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарп қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойла келмесін,
Қарияң келіп жылап тұр
Еңбегі сіңген ер үшін,
Батырың өтті - Бөгенбай!
05.05.2015
Вернуться назад