DataLife Engine / Шалкиіз Тіленшіұлы (Ор, ор қоян, ор қоян)

Шалкиіз Тіленшіұлы (Ор, ор қоян, ор қоян)

Ор, ор қоян, ор қоян,
Ор қоян атлы бір қоян,
Он екі көжек атасы -
Қаудырқұлақ шал қоян
Жүйрікпін деп мақтанбас.
Жүйрікпін деп мақтанса,
Ұзын жолдың үстінде
Оралып ойнап тұрған
О дағы бір құба арланға жолығар!
Алма мойын сам үйрек
Ана Еділден көксіген,
Көлді тастап қырға ұшса,
О дағы бір тарланға жолығар!
Далада құлан, домбай шұбырса,
О дағы бір егеулі оққа жолығар!
Тағыдай түн түре қараған,
Таң берісіп жусаған,
Тарпаңдай тізесін бүгіп су ішкен
Арқада мезгілсіз жылқы жусаса,
О дағы бір аш қасқырға жолығар!
Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған,
Еріккенде қызыл тілін тыймаған
Ғақбытлы сол жаман
О дағы бір пәлеге жолығар!
Атадан алтау тудым деп,
Салмақтама неменді.
Салмақтасаң немеңді,
Тәңірі тесер төбеңді:
Бір жеке туғанға жолығып,
Өкпесі сонда торығар.
04.04.2016
Вернуться назад